Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодар дәрігерлері терезеден сәбилердің жиі құлауына алаңдаулы

  • AstanaTV
  • 18 маусым 2014
  • 1320

Павлодарда үш тәуліктің ішінде 3 сәби көп қабатты үйдің терезесінен құлап кеткен. Дәрігерлер соңғы кездері осындай олқылықтың жиілеп тұрғанын айтып, дабыл қағуда.

Аяқ-қолы сынып, аурухана төсегіне таңылған мына бүлдіршін ертең үш жасқа толады. Абайсызда терезеден құламағанда, туған күнін отбасында тойлап отырар еді. Анасы кішкене қызының терезе алдына қалай шыққанын байқамаған. Бір сәт көзінен таса болған баласын іздегенде, әйнектің ашық тұрғанын көріпті. Жетінші қабаттан құлаған ол, жол-жөнекей екінші қабаттағы кондиционерге соғылған. Осы жағдай өмірін аман сақтап қалды, - деп отыр травматолог-дәрігерлер.

Руслан Базиков, Павлодар облыстық балалар ауруханасының травматолог-дәрігері:

Бала ауыр ми және сүйек жарақатын алды. Сүйектеріне көптеген зақым келген. Қазіргі уақытта хәлі ауыр. Бірақ, оң динамика байқалады. Бізді де, ата анасын да қыруар жұмыс күтіп тұр. Әсіресе, оңалту бағытында.

Ал, зардап шеккендердің екеуі - ұл бала. Қос бүлдіршін де екінші қабаттан құлап мертіккен. Мамандар балалардың жарақат алуына ең алдымен ата-ана жауапты екендігін айтады. Сондықтан, ересектер сәбиді қарауда қырағы болса деген тілектерін де жасырмады. Әсіресе, жазғы уақытта.

Айта кетейік, соңғы бір жылдың өзінде Павлодарда пластикалық терезедегі москиттік торлардың кесірінен 23 балғын түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ