Русский Сайттың толық нұсқасы

Әлем чемпионаты жанкүйерлері бәске ақша тігіп, барларды босатпай жүр

  • AstanaTV
  • 18 маусым 2014
  • 1171

Әлемді көгілдір экранға қаратып, ұйқысын қашырған әлемдік доп додасында топтық ойындардың екінші айналымы басталды. Алғашқы кездесулер күтпеген нәтижелер мен соғылған голдардың көптігі әрі әсемдігімен таң қалдыруда. Бразилияда өтіп жатқан кездесулер уақыты біздің елде түн ортасына келгенімен, ұйқысын аямай, көз майын тауысып, теңбіл допты бағатындар жетерлік екен. Қазақстандық жанкүйерлер мен футбол деп үйден безген ақтаулықтар туралы әріптесім Азамат Алдоңғаров тарқатады.

Қазақстандық жанкүйерлер әлемнің басты доп додасының ең әділ, әрі сабырлы сарапшылары. Себебі, Бразилияның футбол мерекесінде қазақстандық құрама жоқ және алдағы онжылдықта бола қоюы екіталай. Сондықтан, «өгей» командаға жақтас болуға жанкүйерлер қаладағы спорт барлары мен қоғамдық орындарда жиналады. Кезекті ойын - чемпионат қожайындары Бразилия Мексикамен бақ сынасуда. Түн ортасы болғанына қарамастан, Абылайхан достарымен дәстүр бойынша, экран алдына жайғасты.

Абылайхан Сағындықов, футбол жанкүйері:

Кездесулердің барлығы біздің уақыт бойынша түн ортасында. Ертең таңертен жұмысқа бару керек, сол жағы қиындау. Бірақ әдемі ойын үшін ұйқыны қиюға болады. Жігіттердің барлығы менімен келіседі деп ойлаймын. Футболсыз өмірімді елестете алмаймын.

Футбол державасы болмасақ та, өмірін футболмен тығыз байланыстырғандар жетерлік. Ақтаулық Серікбай Мұсабаев үшін бүгінгі кездесудің тартысы ерекше. Олжалы болам деп бәс тіккен Серікбай бүгін Бразилияның тілеуін тілейді.

Серікбай Мұсабаев
, футбол жанкүйері:

Өмірімде бірінші рет бәс тіктім. Ойын қалай шешілетінін білмеймін. Әйтеуір
, Бразилия жеңсе екен деген тілегім бар. 2:1 болса жақсы болар еді.

Домалақ доптың артын бағып, болжау мүмкін емес. Футбол корольдері бүгін тәжірибелі жанкүйердің үмітін ақтамады, қалтасын қақты. Күтпеген жерден алаң қожайындары Мексикамен тең түсті, 0:0. Дәл осы сәтте қаланың келесі шетінде Ерлан Ізімбергенов футбол мерекесінің меймандарын күтіп жанталасуда. Бұл жолы қонақтарының көңілін табуда оған жұбайы еш көмектесе алмады. Себебі, бір айға созылатын чемпионатты еш кедергісіз тамашалау үшін азамат жолдастарымен пәтер жалдапты.

Ерлан Ізімбергенов
, футбол жанкүйері:

Бұл жерде жақын достарыммен емін-еркін отыруға болады. Және бұл тәсіл, барларда отырып, матч тамашалағаннан әлдеқайда арзан.

Мұрат Бекмағамбетов
, футбол жанкүйері:

Неліктен өз үйлеріңізде немесе спорт барында көрмейсіңдер дейсіз ғой. Үйде балалар бар, әйелің, у-шу, ыңғайсыз. Олардың ұйқысы келеді, ал мен футболды тыныш отырып көре алмаймын. Командам гол соққанда, дауыстап қуанғанды ұнатамын.

Төртжылдықтың басты додасы көңіл көтеру орталықтарының ғана қалтасын қомпайтып қоймай, кабельдік телевизиясының жұмысын жандандырды. Жанкүйерлер ойынды жақсы сапада көргілері келеді. Толассыз түскен тапсырыстар операторлардың екі аяғын бір етікке тыққан көрінеді.

Оксана Бондаренко, кабельдік жүйе қызметі бөлімшесінің басшысы:

Чемпионат жақындаған сайын тезірек кабельдік жүйеге қосыңыздаршы деп асықтыратын тапсырыстар мен қоңыраулар түсіп жатыр. Қосамыз деп уәде береміз, қолдан келгенше жұмыс істеп жатырмыз.

Айлакер саудагерлер де футбол мерекесін табысты кәсіпке айналдырды. Кезекті команданың қандай жейдемен ойнайтынын олар ұйымдастырушылардан кем білмейді. Сүйікті команданың белгісі бар - мойынорағыш, ыдыс-аяқ, түрлі жәдігерлер. Алайда бұл тауар көпке жетпейтін сыңайлы. Дүкенші, сұраныс сұмдық, дейді.

Айнұр Көшібаева
, сатушы:

Жастар, жанкүйерлер өз командаларының белгісі бар заттарды сөрелерден жаппай сыпырып жатыр.

Алексей Губанов әр әлем біріншілігінде соғылған голдың авторын, кез келген кездесудің қорытындысын жатқа айтады. Биылғы чемпионат жаңалық пен тосын жайға толы болады деп болжап отыр.

Алексей Губанов, футбол жанкүйері:

Досым екеуміздің футболдағы көзқарасымыз әр түрлі. Ол Италияға жанкүйер. Оның сүйікті ұжымы жеңіліп жатқанда 
қалжындап тиісемін. Биыл чемпионат ақшалай бас тігуде өте қауіпті. Ойындар күтпеген нәтижемен аяқталып жатыр. Мақтаған Бразилия Мексикаға бір де бір гол соға алмады, ал Португалия Германияға ойсырата жеңілді. Ойындар сонысымен қызықты.

Әлем чемпионатының жетінші күні де тартысқа толы болмақ. Голландияға тізе бүккен әлем чемпиондары Испания Чилиден есе қайтаруға тырысады. Ал бес голды қанжығасына байлаған Голландия ұжымы Австралиямен бақ сынаспақ. Тартыс күн санап артуда.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ