Өскеменде ірі сауда орталықтарының бірінде адамдарды тоқ соққан.
Сатушылардың айтуынша, 2 күннің ішінде 5 тұтынушы зардап шегіп отыр.
Сауда орнына тауар сатып алуға барған Мөлдір Қайырбекова қасында
жүрген 2 жасар сәбидің кіре берістегі темірге жабысып қалғанын байқайды. Абырой
болғанда, дер кезінде көмекке келген сатушы баланы тоқ көзінен ажыратып алған.
Зардап шеккен бүлдіршін дереу ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер баланы
тексеріп, дәрі-дәрмек жазып, үйге жіберген. Ата-анасының айтуынша, тілі енді
шығып келе жатқан Асылан осы оқыс оқиғадан кейін сөйлей алмай қалады. Енді
отбасы баланың сөйлеу қабілетіне зақым келді ме деп алаңдаулы.
Атың кім? Жасың нешеде?
Асыланның ата-анасы бүгінгі таңда сауда орнының үстінен құқық
қорғау қызметкерлеріне шағым түсірді. Олар істі сотқа дейін жеткізуге бел
байлап отыр. Айтуларынша, сауда орнының басшылығы баланың халін білмек тұрмақ,
кешірім де сұрамаған.
Мөлдір Қайырбекова:
Баламыз темірге жабысты да қалды. Сатушы біледі екен, ол жерде тоқ
соғатынын. Біз шошып кеттік. Бала беті бәрі көгеріп жылады. Сатушының айтқаны -
бұл жерде 5 адамды тоқ соқты деді.
Бақытжан Торғаев, ШҚО ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің басшысы:
Азаматша шағымданды. Баласының тоқтан соққы алғаны жайлы. Анықтау тергеу
амалдары жүргізіліп жатыр. Қазір балаға қандай зиян келгенін анықтау үшін
медициналық сараптау тағайындалды.
Қанат ОРАЛБЕК