Русский Сайттың толық нұсқасы

Кеден одағы аясында кеды мен өзге де аяқ киімдер тасымалына тиым салынбақ

  • AstanaTV
  • 20 маусым 2014
  • 1752

Қарапайым халықтың киген аяқ киімін қадағалау. Бұл қазір елімізде ең қызу талқыланып жатқан мәселе.

Пікірталасқа түрткі болған - Ресейдегі «Справедливая Россия» партиясының мүшесі, депутат Олег Михеевтің тосын мәлімдемесі. Ол Кеден одағы елдерінде аяқ киімдердің кей түрлеріне шектеу енгізу туралы бастама көтерді. Депутаттың Еуразиялық экономикалық кеңес басшысы Виктор Христенкоға жасаған ұсынысын кәсіпкерлер орынсыз қалжын деп қабылдаса, қатардағы қазақстандықтар бұл бастамаға мүлдем қарсы.

Біз өкше аяқ киімдер одаққа мүше елдердің дүкен сөрелерінде болмауы мүмкін деген хабар нәзік жанды тұтынушылардың наразылығын тудырды. 12 сантиметр биіктіктен жайлы жайтабанға тек үйде немесе жағажайда ғана түсетін сылқымдар сәнді киімсіз өмірін елестете алмайтын сынды. Жаңа бастама халықты бірқатар кең тараған аяқ киімдерінен айыруды көздейді.

Малика Төлеғұлова, Ақтау қаласының тұрғыны:

Мен қарсымын. Өйткені, әрдайым биік өкше немесе жайлы балетка киемін. Ал ол болса осы аяқ киімдерге тыйым салмақшы.

Вадим Коленков
, Ақтау қаласының тұрғыны:

Халық не киеді сонда? Мен, мысалы, күнделікті кеды киемін, аяққа жайлы. Бір емес
, бірнешеуі бар.

Мәселенің барлығы майтабандыққа келіп тірелді. Халықтың табанының саулығы депутат Михеевке маза бермегендіктен, ол биік өкше мен жайпақ табанды аяқ киімді шектеуді ұсынды. Проблеманың шешімін айтатын дәрігерлердің өздері кей кездері киім таңдауда қателік жіберетін көрінеді. Олардың кеңесін елейтіндер шамалы.

Аманқос Шаухымбердиев, ортопед-травматолог:

Тыйып тастау мүмкін емес, тек кеңес бере аламыз. Әркім өз талғамына және қалтасына қарап таңдау жасайды.

Халық қалаулысы ересектердің 40% майтабандыққа шалдыққан деп отыр. Сол себепті Ресей әскері биыл майтабан жастарды әскер қатарына алды. Олег Михеевтың сөзінше, шақырылған жігіттердің барлығы дерлік табан дертіне ұшыраған. Алайда, Қазақстан қарулы күштерінің майтабандыққа қатысты талабы көршілес Ресейге қарағанда жеңілірек. Әуе ұтқыр, республикалық ұлан және арнайы қызмет бөлімшелерінен басқасы бірінші, екінші, тіпті, үшінші деңгейлі майтабандықпен әскер қатарына ала береді.

Ғалым Андалиев, Маңғыстау облысы Қорғаныс департаментінің басқарма басшысы:

Біз қазір майтабандарды ішкі әскер, шекара қызметіне жіберіп жатырмыз. Ол бөлімшелерге жарап жатыр. Одан бөлек
, басқа өзекті проблема бар. Жастардың құлақ, тамақ, мұрындары да сау емес.

Кеден одағы аясында биік өкшелі және тым жайпақ табанды аяқ киімдердің жайы қызу талқыланды. Тек бастама көтерілген күні-ақ Еуразиялық экономикалық кеңес оны қалжын деп бағалады. Сонымен қатар, Михеевтен жазбаша түрде ұсыныс түспегені белгілі болды. Жұртты дүрліктірген мәселені журналист қауым өрбіте түсті ме, әлде депутат ең соңғы сәтте алған бетінен қайтты ма, ол жағы белгісіз. Ең бастысы - халықтың сүйікті аяқ киімдері сөрелерден ешқайда кетпейді.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ