Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда ата-аналар балаларына туу куәлігін алуға асықпайды

  • AstanaTV
  • 23 маусым 2014
  • 1674

Атырауда ата-аналар балаларына туу куәлігін алуға асықпайды. Осылайша, сәбилер түрлі жәрдемақылар мен медициналық қызметінен қағылып отыр. Мысалы, жыл басынан бері 58 сәбидің бір жастан асқан соң ғана туу туралы куәліктері рәсімделген. Екі ай мерзімінде әділет органдарына тіркеліп, сәбиіне құжат алуы тиіс ата-аналар не дейді?

25 жастағы мына бойжеткен, жуырда 1 жасқа толатын бөбегіне әлі туу туралы куәлік алмаған. Айтуынша, баласын мойындамай жүрген жігіті ақылға келіп, тегін береді деп күтіп қалыпты. Қазір құжаттарын дайындап жүр. Ал, өзі аты-жөнін айтуға да, түрін көрсетуімізге де қарсы болды.

Баланың әкесі фамилиясын береді деп, әкелігін мойындайды деп күтіп қалдық. Баламның шаруасымен жүрдім, ауырды, солай жүріп қалдым. 1 жыл да болып қалыпты. Енді өз фамилияма жаздырып жатырмын.

Ал, Қымбат Молдағалиева болса, 5 айлық алғашқы немересінің туу туралы құжатын алмақ болып, құзырлы орындарға енді келді. Дүниеге келген нәрестені әділет органдарына тіркеуге асықпаған.

Қымбат Молдағалиева:

Келінімнің босанғанына 5 ай болды. Куәлік жоқ. Енді дәрігерге барып қаралайын десе, дәрігер куәліксіз қарамайды. Балдарға келіп отырмын, кеңес сұрайын деп. Үйдің шаруашылықтарымен әні-міне деп, ертең аламыз, бүгін аламыз деп жүргенде бес ай болғанын білмей қалыппыз.

Құжат алуға асықпаған халықтың осындай қырық сылтау мен жүз кедергісі табылады. Әділет басқармасындағылар былтыр 188 сәбидің туу туралы куәлігін кеш рәсімдеген. Ал, биыл жыл басынан бері 62 бала дүниеге келгенімен, ел азаматы ретінде уақытында есепке алынбапты. Құзырлы мекеме, мұның барлығы алдымен ата-аналардың жауапсыздығынан, - дейді.

Айбек Қадыралиев, Атырау қаласы Әділет басқармасының басшысы:

Ата-анасының бірінің жеке куәліктері болмайды. Тағы басқа құжаттары болмайды. Тағы бір себебі, ата-анасының құжаттарға салдыр салақ қарауы. Халықтың арасында мынадай үрей бар, 15 күннің ішінде алмаса, сот арқылы алынады деген. Ол мәлімет жалған.

Бұдан өзге, былтыр атыраулық бір келіншек 38 жасқа толған соң ғана алғаш рет өзінің туу туралы куәлігін рәсімдеген. Ал, жуырда 23 жастағы жігіт дүниеге келгенін сотта растаған. Осы жасқа дейін, олардың бірде-бір құжаты болмапты.

Базаргүл ІЗІМОВА