Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағанды облысында өткен сенбіде болған жер сілкінісінің себептері әлі анықталмай тұр

  • AstanaTV
  • 23 маусым 2014
  • 1013

Қарағандылық құтқарушылар сейсмологтардан көмек сұрауда. Облыста өткен сенбіде болған жер сілкінісінің себептері әлі анықталмай тұр. Мамандар болжамдық карта жасау үшін сілкіністің алғы шарттарын анықтау керек деп отыр. Бұл туралы бүгін арнайы баспасөз жиынында облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі басқарма басшысы Талғат Нұрмағамбетов мәлімдеді. Ол жер сілкінісінің эпицентрі Қарағандыдан 25 км қашықтықта, 40 км тереңдікте болғандығын айтты.

Жер сілкінісінің қуаты Рихтер шкаласы бойынша 4 балдан асқан. Зардап шегушілер мен қираған ғимараттар жоқ. Көмір бассейнінің индустриялық кәсіпорындарына да ешқандай зиян келмеген. Сол кезде жер астында болған кеншілер қатты дүрсілді естіпті. Сенбіде ешбір компания жер асты жарылыс жұмыстарын жүргізбеген. Дегенмен де, өңірдегі шахталар мен карьерлердегі техникалық жарылыс жұмыстары уақытша тоқтатылды.

Мамандардың айтуынша, Қарағанды облысында зілзала бұрын-соңды болмаған. Аймақта сейсмологиялық станция да жоқ. Құтқарушылар, сейсмолог мамандардың қорытындысынан соң, қаладағы тұрғын үйлер мен кәсіпорындар құрылысын күшейтіп, қадағалауға ден қоймақ.

Қуаныш Муталлапов, Қарағанды облыстық ТЖД ресми өкілі:

Қарағанды облыстық ТЖД бірден тексеріс жұмыстарын бастады. Алматыдағы сейсмологиялық орталыққа сұраныс жіберді. Қазіргі таңда жер сілкінісінің қайталанбайтыны жайында қағаз келді. Сондай-ақ, жер сілкінісінің болу себептері анықталу үстінде.

Еркін ҚАРИН