Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстан экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен бірлесе елдік бағдарлама мақұлдамақ

  • AstanaTV
  • 23 маусым 2014
  • 1411

Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен бірлесе елдік бағдарлама мақұлдамақ. Бұл туралы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев мәлімдеді. Оның айтуынша, елдік бағдарлама биыл алғаш рет тек төрт мемлекет үшін арнайы жасалып жатыр. Жалпы жоба мемлекеттік басқару, қазыналық саясат, бәсекеге қабілеттілік және іскерлік  ахуал мен қалыпты даму салаларындағы бірлескен бастамаларды іске асыруға бағытталған. Сондай-ақ ол бұл тізімнің кеңейе беретіндігін атап өтті.

"Бағдарламаның толық мазмұны жыл аяғына дейін құжатқа қол қойылған күні мақұлданады" - деді министр. Айта кетейік, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы әлемдегі алдыңғы қатарлы экономикалық ұйымдардың бірі болып саналады. Оған 34 дамыған мемлекет мүше. 

Ерболат Досаев, ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі:

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен бірігіп жұмыс атқару Қазақстанның әлемнің неғұрлым дамыған 30 елінің қатарына кіру жөніндегі Елбасымыздың қойған басты міндеті тұрғысында, біздің жұмыстың маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Қазақстанның экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің стандарттарына сәйкестенуі осы мақсатты жүзеге асыруға ықпалдасады.

Жұрағат БАМАН