Русский Сайттың толық нұсқасы

БҚО-да табиғатқа 1 миллиард теңгедей зиян келтірген кәсіпкер жазадан құтылып кетті

  • AstanaTV
  • 23 маусым 2014
  • 1073

Батыс Қазақстан облысында табиғатқа 1 миллиард теңгедей зиян келтірген кәсіпкер жазадан құтылып кетті. Бұған дейін хабарлағанымыздай, "Мұнайавтотранс" компаниясының басшысы Асылан Мұқанов 2010-2011 жылдары рұқсат етілмеген жерге мұнай қалдықтарын төктірген. Бір жылдың ішінде Рубежинское ауылында 946 текше метрді, ал Дариян ауылының аумағында 3 мың 496 текше метр жерде бұрғылау жұмыстарын жүргізу кезінде сұйық қалдық төгілген.

Қоршаған ортаға келген шығын 911 млн теңгеден асты. Кәсіпкер зиянды қалдықтарды Ақтөбе және Атырау облыстарындағы арнайы полигонға жеткізіп, залалсыздандыруды шығынсынған. Соның есебінен 135 миллион теңге пайда көрген екен. Экологиялық қылмыс жасаған мекеме директорының үстінен қылмыстық іс қозғалғанымен, ол рақымшылыққа ілігіп, жазадан құтылды. Дегенмен, табиғатқа келген шығынды өтеуге міндеттелді. 

Нұрлан Мақатов, БҚО прокуратурасының  басқарма басшысы:

Прокурордың 912 млн теңге өндіріп алу туралы талап-арызын сот қанағаттандырды. Соттың үкіміне сай, айыпталушыға бір айдың ішінде келген шығынды өтеуге мұрсат беріледі. Осыдан кейін бұл іс сот актілерін орындау департаментіне тапсырылады.

Еркін ҚАРИН