Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда сауда үйімен іргелес тұрғындар шудан шаршады

  • AstanaTV
  • 23 маусым 2014
  • 1324

Алматыдағы сауда үйімен іргелес көршілерден маза қашты. Тұрғындар жаз шыққалы бері ойын-сауық кешенінің желдеткіш жүйесінен шығатын жағымсыз дыбыстан мезі болғандарын айтады. Бірнеше рет жергілікті санитарлық қадағалау мамандарына да шағымданған. Құзырлы органдардан да мәселеге араласуды сұраған. Алайда қарапайым жұрттың шағымына құлақ асқан жан табылмапты. Тараптардың текетіресіне куә болып, мәселенің мән-жайын түсінуге тырысқан тілшіміз Ришат Асқарбекұлы тарқатып айтады.

«Мамыр» шағын ауданында жаңадан бой көтерген үйлердің тұрғындары осында көшіп келгенде қатты қуанған. Алып сауда орталығына көрші қоныстанғандықтан азық-түлік пен қажетті заттарды алыстан арқаламайтындарына сенімді болыпты. Алайда күн жылып,  сауда ойын сауық кешенінде тіршілік қайнаған шақта, көп қабатты баспананың халқының тыныштығы бұзылған. Кешеннен шығатын желдеткіштің дауысы мазаны қашырды.

Қайсар Аяпбергенов:

Адамдарға өте қиын. Анда вентилятор дейді ғой. Сол істеген кездегі айғай-шуы қиын. Машинаның жүргені бар, осының шуылы бар, тіпті ұйықтау мүмкін емес.

Нұрлан Мәуленбердов:

Бұл тіпті терезе жабық тұрған кезде де қатты естіліп тұрады. Осы үйлер салынбас бұрын жобаланған кезде, бұл сауда орталығы да бірге жобаланған болатын. Әрине, оның бәрі ескерілуі керек болатын. 

Ашуға мінген тұрғындар бүгін алып сауда орталығының басшылығына кезекті рет шағымданып келді. Олар тәулік бойы бір тынбайтын желдеткіш жүйені тыныштандыратын амалдар ойластыруды талап етті.

Күлтай Мамытова, «Спутник» сауда орталығы директорының орынбасары:

Біз белгіленген заң нормаларына сай жұмыс істеп жатырмыз. Егер тиісті мамандар шуылдың мөлшері шамадан тыс деп қорытынды шығарса, біз бұл қателікті түзетеміз. Егер ол өз деңгейінде болса, жұмысымызды жалғастыра береміз.

Сауда орталығына қатысты тұрғындардың шағымы мұнымен шектелмейді. Кешен қызметкерлері айналаны ластайды. Келушілер балалар алаңына келіп темекі шегеді деді.

Ирина Жовнеренко:

Қазір темекімен күрес барлық жерде белсенді жүргізіліп жатыр. Бірақ осы «Спутник» сауда үйінің жұмысшылары балалардың көзінше шылым тартып, олар ойнайтын алаңқайды күл-қоқысқа айналдырады. Осындай мәдениетсіздікті өрімдей қыздар да көрсетіп тұрады.

Қазір тұрғындардың шағымына орай Әуезов аудандық санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімі жұмысқа кірісті. Олар осы аптада сауда орталығының желдету қондырғысын арнайы келіп тексермек.

Бибігүл Отарбаева, Алматы,  қаласы Әуезов аудандық СГҚ бөлімінің бастығы:

Сол маңда тұратын тұрғындардың бізге шағым түсіргені рас. «Спутник» сауда үйінің басшылығымен алдын ала түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Сосын шағымданушылардың пәтерлерінен арнайы өлшеу жұмыстары жүргізіліп, шудың деңгейі тексеріледі.

СЭС мамандары тексеру қорытындысын осы аптаның аяғында жариялайды. Егер шуылдың мөлшері белгіленген децибелден асып кетсе, ойын-сауық орталығын айыппұл күтіп тұр. Одан кейін сауда кешені тұрғындардың мазасын алмау үшін желдеткіштің дыбысын басатын қондырғылар орнатуға мәжбүр болады.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ