Русский Сайттың толық нұсқасы

Ресей құрамасын жеңген Бельгия футболшылары 1/8 финалға жолдама алды

  • AstanaTV
  • 23 маусым 2014
  • 1394

Футболдан әлем чемпионатының кезекті жарыс күні аяқталды. Ресей құрамасын жеңген Бельгия футболшылары 1/8 финалға жолдама алды. Ал Португалия командасы тағы да ұпай жоғалтты. Бұл жолы АҚШ құрамасымен сынға түскен Паулу Бентудың шәкірттері 2-2 есебімен тең түсті.

Бірінші кездесуде Германия құрамасына ойсырай ұтылған Португалия командасы бұл ойында аянып қалмады. Кездесу басынан АҚШ футболшыларының қақпасына тап берген Паулу Бентудың шәкірттері есеп ашты. Қақпа алдында қараусыз қалған Нани командаластырының қошеметіне бөленді. Қарымта шабуылға шыққан Юрген Клинсманның шәкірттері үзілістен кейін таразы басын теңестірді. Алыстан мықты соққы бағыттаған  Джермейн Джонс мүлт кетпеді. Бұл голдан кейін шабыттанған АҚШ құрамасы араға 15 минут салып есепті еселеді. Бұл сәтте Португалия құрамасы қорғаушыларының қателігін сәтті пайдаланған Клинт Дэмпсидің қанжығасы майланды. Дегенмен, кездесу соңына қарай табандылығымен танылған Паулу Бентудың есепті теңестіріп кетті. Криштиану Роналдудың пасына бірінші жеткен Валера командасын жеңілістен аман алып қалды.

Ресей құрамасы тағы да сүрінді. Алғашқы ойында Оңтүстік Корея командасымен ұпай бөліскен Фабио Капеллоның шәкірттері бұл жолы Бельгия футболшыларына 1-0 есебімен ұтылып қалды. Бұл ойындағы жеңіс голын Бельгия құрамасы кездесудің аяқталуына санаулы минуттар қалғанда соқты. Азардың пасынан кейін қақпа алдында қараусыз қалған Дивока Ариги командасына жеңіс сыйлады. Бұл сәтсіздігіне қарамастан, Ресей командасының келесі айналым жолдамасынан үміті бар.  Соңғы турда олар Алжир командасын жеңу керек. Ал Корея құрамасы Бельгия футболшыларына ұтылу қажет.

Самат ҚАНАҒАТОВ