Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда шетел азаматы Барух Питер 8 жылға сотталды

  • AstanaTV
  • 25 маусым 2014
  • 1309

Өрімдей қыздарды азғырды деп айыпталған британдық азаматына 8 жыл үкім кесілді. Бұған қоса, ол өзінің үстінен арыз түсірген он жәбірленуші отбасына екі миллион теңге көлемінде айыппұл төлейді. Оралда кәмелет жасына толмаған қыздарды азғырды деген қылмысы үшін айыпталған шетел азаматы Барух Питердің ісіне бүгін нүкте қойылды.

Судьяның сөзіне сенсек, Барух Питер сот барысында өзінің кінәсін мойындамапты. Ол қыздардың жасы кәмелетке толмағанын білмегенін айтып ақталған. Бірақ, қыздармен қалай танысып, қалай суретке түсіргенін тәптіштеп айтып берген.

Айта кетелік, Барух Питер қыздармен әлеуметтік желі арқылы танысқан. Өзін атақты фотосуретші ретінде таныстырып, оларды әйгілі модель қыламын деп уәде еткен. Кейін кездесіп, шешіндіріп суретке де түсіріп отырған. Бұл үшін қыздарға сыйақы да төлепті. Ал арнайы сараптама барысында бұл суреттердің эротикалық-порнографиялық сипатта екендігін анықтады.

Полиция дерегінше, сотталушы бұл іспен Орал қаласынан бөлек, Атырау қаласында да айналысыпты. Ал Барухқа ара түскен достары, соттан оның кінәсі дәлелденсе де, ақшалай айып салуын өтініп хат жолдаған екен. Дегенмен, британдық енді өз жазасын Батыс Қазақстан облысы аумағында өтейтін болады.

Фарида Құрманова, БҚО Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:

Сот үкімімен Ұлыбритания азаматы Барух Питер 8 жылға сотталып, жазасын жалпы тәртіптегі колонияда өтейтін болады. Сотталушының ата-анасы жәбірленушілердің талабын қанағаттандырып, келген шығынды өтеді. Осыдан кейін шағымданушылар өздерінің талап-арызын қайтарып алды. Ал сотталушы сот үкімімен келіспесе, алдағы екі аптада кері шағым түсіре алады.

Еркін ҚАРИН