Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралдағы балабақшада сәби терезеден құлап кетті

  • AstanaTV
  • 25 қараша 2015
  • 1472

Оралда төтенше жағдай. Төрт жастағы бүлдіршін балабақшаның екінші қабатынан құлады. Кеудесі мен белінен ауыр жараланған бала қазір ауруханада жатыр. Қазір бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Тақырыпты Еркін Қарин сабақтайды.

Биіктен құлаған Арнұрдың әкесі өзін тәрбиешілердің алдағанына өкпелі. Айтуынша, балабақша қызметкерлері бұл оқиғаны жасырып қалмақ болған. Кейін балабақша ауласына орнатылған бейнекамера арқылы баланың терезеден құлағаны мәлім болыпты.

Бейбіт Молдашев, баланың әкесі:

Не болды десем, саппен сыртқа шығарып келе жатыр ек, лестницадан құлап қалды деді. Мен сосын мән берген жоқпын, аяғына гипс салып жатыр дегесін, аяғы тайып кеткен шығар деп. Ал содан ауруханадан шығардық, бізге ешкім ештеме демеді. Шығарып үйге апарғасын бала қозғала алмайды, белім ауырады деп, не жата алмайды, не отыра алмайды. Жаңа келіп қарадым. Көк цементке түскен.

Ал балақша қызметкерлері баланы қараусыз қалдырмағанын айтып ақталды. Айтуларынша, бала сол күні науқастанып, мазасы қашқан. Тәрбиешінің айтуынша, ол басқа шаруаға айналғанда, бала терезені өзі ашып, секіріп кетіпті.

Мейрамгүл Есенғалиева, тәрбиешінің көмекшісі:

Арнұрды ауырып тұрғасын, кроватына апарып жатқыздым, қасында қарап жүрдім. Сосын төменге меню жазуға бес минутқа түсіп кеттім. Сол уақытта уже медиктер бір баланы алып бара жатыр. Шауып барсам, Арнұр екен. Басқа ештемені білмеймін.

Қазір бүлдіршін облыстық балалар ауруханасына жатқызылды. Дәрігерлер баланың жағдайы қалыпты деп отыр.

Флюра Саматова,  БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:

Ода алдыңғы құрсақ қабырғасының соғылуы, сонымен қатар, бел аймағының соғылуы, жіліншік табанды байланымының жарылуы, өкше сүйегінің сынуы. Өкше сүйегінің сынуы қазіргі таңда клиникалық тұрғыда қойылған диагноз.

Батиқа Пайдина, Орал қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары:

Балабақшаның әкімшілігіне, тәрбиешісі және тәрбиешінің көмекшісі қазіргі уақытта жұмыстан уақытша босатылды. Енді құзіретті органдар осы іспен айналысып жатыр. Ол іс аяқталғаннан кейін аталған қызметкерлердің бәріне шара қолданылады.

Қазір осы оқиға бойынша, ҚР ҚК 141-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кінәсі мойнына қойылса, жауапты қызметкерлер балалардың өмірі мен денсаулығын қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша өз міндетін орындамағаны үшін жауапқа тартылады.

Еркін КАРИН