"Ақмола облысында 73 киіктің өлексесі табылды", - деп ішкі істер департаменті
хабарлады. Қырылған киіктер Еңбекшілдер ауданынындағы Бауман
елді мекенінен 25 шақырым жерде табылған. Қазір белгісіз жағдайда қырылған
жануарлардың өлекселері сараптамаға жөнелтілді. Алдын ала болжам бойынша, киіктер арнайы химикаттармен өңделген жазықта улануы мүмкін.
Еске салсақ,
таяуда Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров Қазақстандағы
киіктердің саны өткен жылмен салыстырғанда 37 пайызға көбейді деп, жағымды
жаңалықпен бөліскен-ді. "Мұндай көрсеткіш желаяқ жануарларды қорғау
шараларының жандануы арқасында мүмкін болды", - деген.
Бүгінде
еліміздегі киіктердің саны 256 мыңнан асып жығылады. Алдағы 5-10 жылдың ішінде
Қазақстанда киіктер саны жарты миллионға жетуі мүмкін. "Тіпті дала еркесінің
саны нақты межеге жеткеннен кейін олардың етін нарыққа да шығаруға болады", - деп, Қоршаған ортаны қорғау министрі қоғамның сынына да ілікті.
Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА