Русский Сайттың толық нұсқасы

Мемлекет шығынын үнемдеу үшін Мысыр президенті жалақысының жартысынан бас тартты

  • AstanaTV
  • 25 маусым 2014
  • 1509

Мысырдың жаңа сайланған билігі үнемдеуге кірісті. Ең бірінші болып ел басшысы Абдул-Фаттах Халил Ас-Сисидің өзі үлгі көрсетуге бел буған сынды. Президентке тиесілі дүниенің тең жартысынан бас тартқан жаңа басшы тіпті жалақысының бір бөлігін мемлекет пайдасына аударып отыратын болды. Бұл туралы Ас-Сиси Каирде әскери академия түлектерінің алдында сөйлеген сөзінде айтты. Шығынды азайтудың бірінші қадамы ретінде ол 34 көліктен тұратын президент кортежін 5 автокөлікке дейін қысқартты.

Мемлекет басшысының жалақысына келетін болсақ, уақытша президент Адли Мансұр өз тұсында еңбек ақысын 300 доллардан 6000 долларға көтерген болатын. Осылайша Ас-Сисидің қалтасына енді 3000 доллар қаражат түседі.

Соңғы бірнеше жылда өсім көрмеген Мысыр экономикасының қазіргі жағдайы көңіл көншітпейді. Осыған орай Абдул Фаттах 2014-2015 жылдарға арналған бюджет жобасын мақұлдаудан бас тартты. Оның сөзінше, жоба сыртқы инвестицияларға тәуелді және оның қабылдануы ішкі қарыздың 285 миллиард долларға дейін жетуіне алып келеді.

Елдің басты табыс көзі саналатын туризм саласы елдегі саяси тұрақсыздықтан мемлекет қазынасына табыс түсіруден қалған. Өз өмірлеріне алаңдаушылық танытқан көптеген саяхатшылар Каирге барудан бас тартып отыр.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ