Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылордалық журналистер бүгін «Қызылорданы бірге тұрғызамыз» акциясына қатысты

  • AstanaTV
  • 25 маусым 2014
  • 1327

Қызылордалық әріптестеріміз бүгін қалам мен микрофонды құрылыс құралдарына алмастырды. Аймақтағы республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының меншікті тілшілері мен облыстық, қалалық басылымдардың бас редакторлары өздерінің жұмыс күнін көпқабатты тұрғын үй құрылысында өткізді. Олар әдеттегідей ақпарат жинау үшін емес, құрылысшылардың жұмысын атқарып көрді. Қалалық әкімдік ұйымдастырған «Қызылорданы бірге тұрғызамыз» акциясы аясында сылақ жасап, кірпіш қалады.

Кәсіби құрылысшылар өткізген жарты сағаттық дәрістен соң, қаламгерлерден құрылған 6 бригада жұмысқа кірісіп кетті. Ер азаматтар кірпіштен қабырға тұрғызып жатса, қыз-келіншектер сол қабырғаларды сылап шықты. Ал құрылысшылар болса ең мықты бригада сайысын өткізді. Кәсіби жағынан сынақтан сүрінбей өткен республикалық ақпарат құралдарының меншікті тілшілері бригадасы болды. 

Ержан Байтілес, «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі:

Құрылыс саласына ішіне дендеп кіріп, құрылысшы образына еніп, жұмыс істеп жатқанымыз - шыны керек, өзімізге де ұнап жатыр. Абай атамыз: "Сенде бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан!" деп адамзат баласына ұран тастаса, бізде бүгін осы Қызылорда қаласында қарқынды жүріп жатқан құрылыстың арасына бір кірпіш болса да, қалағанымызға, тұрғызуға үлес қосқанымызға қуаныштымыз.

Шарипа САҚТАПОВА