Русский Сайттың толық нұсқасы

ОҚО-да қару-жарақ утилизациясы қоймасындағы жарылыста екі адам ажал құшты

  • AstanaTV
  • 26 маусым 2014
  • 1558

Оңтүстік Қазақстан облысында жарылыс болып екі адам ажал құшты. Төтенше жағдай бүгін таңғы 7 сағат 28 минутта Арыс қаласындағы «ҚазақЖарылысӨндіріс» АҚ аумағында болды. Оқыс оқиға жарылғыш заттарды залалсыздандырумен айналысатын мекемеде тіркелді. Салдарынан таңғы ауысымда жұмыс істеп жүрген 1988 жылғы ер адам мен 34 жастағы әйел көз жұмды.

Нұрлан Темірбаев, Оңтүстік Қазақстан облысы ТЖД бас маманы:

Қазіргі таңда жарылыстың дәл неден болғанын және келтірілген шығын көлемін аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлері мен төтенше жағдайлар департаменті тарапынан құрылған арнайы анықтау тобы жұмыс жасап жатыр. Дәл солардың анықтауы нәтижесінде белгілі болады.

Еске салайық, осы мекемеде 2009 жылдың наурызында жойқын жарылыс болған. Сол кезде үш бірдей жұмысшы көз жұмды. Қайғылы жағдай тағы қайталанып отыр. Өндіріс орны басшылары қайтыс болған жұмысшыларының отбасына 1 млн теңгеден өтемақы беруге уәде берді. Белгілі болғанындай, жұмыс орнында бақилық болған әйелдің күйеуі де сол 2009 жылы болған жарылыс кезінде қаза тапқан.

Ринат Исатаев, «ҚазақЖарылысӨндіріс» АҚ басқарушы директоры:

Оқыс оқиғаның себебі әзірге белгісіз. Қазіргі таңда оқиғаның салдары анықталғанға дейін, ол жерде залалсыздандыру жұмыстары толықтай тоқтатылды. Менің өз тарапымнан айтарым, қондырғылар сертификатталған. Қазақстан аумағында қолдануға рұқсат етілген. Жуырда ғана ұсақ-түйек кемшіліктерді қалпына келтіріп, 1 маусымда ғана іске қосқанда, барлығы 100 пайыз дұрыс болатын. Енді себебін тергеу анықтайды. Біз қаза тапқан жұмысшылардың жерлеу шығындарын өз мойнымызға алып, әрбір отбасыға тағы 250 мың теңгеден өтемақы беру мәселесін қарастырып жатырмыз.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ