Русский Сайттың толық нұсқасы

Жамбыл облысы қырғыздың Шу облысымен суарма су бойынша келісті

  • AstanaTV
  • 26 маусым 2014
  • 1834

Жамбыл жерін тағы да тіршілік нәрі судан тарықтыруды бастаған көршілер бүгін Қазақстан тарапымен келісімге келді. Су сағасындағылар күні кеше қордайлық дихандарға су бермейміз деп сары уайымға салған болатын. Қоймаларындағы су мөлшерінің аздығын сылтау етіп, арнадағы суды бірден 3 есеге азайтып жіберді. Суға байланысты шыққан шуды реттеуге Жамбыл облысының әкімі аталмыш ауданға арнайы барды. Сол жерде қырғыз тарапымен кездесіп, ортақ мәмілеге келуді шақырды. Дихандардың жылдағы даулы мәселесі туралы Данияр Әлімқұл тарқатады.

Қордайлық дихандар қуаңшылықтан қорқып қалған. Жылда егіс алқаптарын суаруға келгенде қырғыз тарапынан қысым көреді. Мұндағы 60-тан аса шаруа жалғыз мына арна арқылы алқаптарын суарады. Бірақ қазір мұнда түйір тамшы да жоқ.

Назар Найзақараев, шаруа қожалығының басшысы:

Бұл жерде бірінші жыл емес, 3-4 жыл осындай. Ұрыс, осы сумен әуре. Менде 31 гектар бұл жерде. Былтыр жүгеріні мүлдем тастадым, екі гектарды. Ал биыл беде септім, оны да су болмаса, тастауға тура келеді. Қалған 20 гектар беде де құрғап тұр.

Осылай деп даурыққан дихандардың мұңын естіп Жамбыл облысының әкімі Қордай ауданына суыт сапар жасады. Онда көрші елдің Шу облысының губернаторы Қанатбек Исаевпен кездесті. Негізде соңғы 5 жылда қырғыз ағайын су жібермей сергелдеңге салуды шығарған еді. Әкім көршінің осындай әділетсіз әрекеттерін сынға алды.

Кәрім Көкірекбаев, Жамбыл облысының әкімі:

Сіз мынаны өз қолыңызға алып, Үкіметке дейін барып, айтпасаңыз, онда несіне біз ағайын болып отырмыз, несіне біз көршілес болып отырмыз. Орта Тоғайдан жаңа айтып отырған 120-196 млн су қалып отырса, сол 20 күнге жетсе, бәрімізге 20 күнге жетсін. 18 күнге жетсе, бәрімізге 18 күнге жетсін.

1983 жылғы мемлекетаралық келісімге сәйкес Қазақстан Шу өзені суының 42 пайызын алуы керек. Бұл секундына - 43 текше метр су келеді деген сөз. Бірақ соған қарамастан, Қырғызстан Қазақстанға 15 текше метр су беріп келді. Ал күні кеше бұл көрсеткіш секундына 6 текше метрді ғана құрады. Салдарынан дихандардан маза қашты.

Канатбек Исаев, Шу облысының губернаторы, Қырғызстан:

Еларалық, мамлекетаралық гелишимдер бар. Ошылар бойынша биз сойлесіп, чешіп алайын дедік. Су чынында да сіз айтып кеттіңіз, мына Қазақстандағыдай бугінгі күні бізде де Қырғызстан да ту тапчы, құрғақшылық. Орта Тоқайдан кел жатқан судан емес, жалпы әрбір Коктіғұлақтан тұшкен сулардың тапшылығына байланысты болды бұл су азайғаны.

Су қоймаларындағы су мөлшерінің аздығын сылтау еткенімен, шекаралас облыстың басшылығы Қазақстан тарапымен келісімге келіп, арнайы мәмілеге қол қойды.

Келісім бойынша Шу арнасымен келетін судың көлемі осы айдың 31-не дейін секундына 16 текше метрге, 1 шілдеге дейін 18-19 текше метрге өседі. Енді екі тарап арнайы жұмыс комиссиясын құрып, екі жаққа ағатын судың қорын қадағалап отырады.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ