2013 жылы әлем бойынша ең үздік банкнота аталған мың
теңгелікте тарихи қателік жіберілген. Ақтөбелік тарихшы Талғат Жұмағанбетов Күлтегіннің бейнесі деп басылған сурет түркі қағанаты көсеміне қатысы жоқ деп
мәлімдеді. Түркі әлемін зерделеген кез келген маман бұл бейнедегі әйел адам
екендігін растайды дейді. Себебі сол кезеңдегі ер азаматтар сақал мұртын
өсіріп, шашын 40 бұрым ғып өрген көрінеді. Ескі нанымға сәйкес шаш арқылы
әруақтармен байланысқа шығуға болады деп сенген.
Оның айтуынша, мың теңгеліктің
бетіне бедерленген сурет - әйел адамның бейнесі. Екінші түркі қағанатының
қолбасшылары жерленген мазардан археологтар бір ғана мүсінді тапқан дейді
тарихшы. Ол әйелдің мүсіні көрінеді. Ал Күлтегін мен оның бауыры Білге қаған
бейнеленген ескерткіштер, Талғат Жұмағанбетовтың дерегінше, жаугершілік заманда
бұзылып қалған.
Талғат Жұмағанбетов,
тарих ғылымдарының докторы:
Бұны деген, біз ойлаймыз, бұл Күлтегіннің әйелі. Оның
лауазымы - хатун. Бұл ашедэ дейтін руынан шыққан. Бұл Күлтегін мен Белгэ
қағанның кеңесшісі болған. Кеңесшісі - Тонюкук. Сол Тонюкуктың қызы шығар, деп
ойлаймыз. Бұл әйел адамның беті. Суретші деген дұрыстап қараса, көрінетін еді.
Ал банкнотаны жасатқан Ұлттық банк өкілдері тарихшының
сөздерімен келіспейді. Олар ақшаны айналымға шығару үшін бірнеше жыл бойы тер
төккен. Түркі әлемін зерттеушілерден де ақыл-кеңес алдық дейді. Еске сала
кетейік, биылғы халықаралық көрмеде аталған мың тенгелік 2013 жылдың ең үздік
банкноты деп танылған болатын.
Нағима Өмірбекова, Ақтөбе облыстық Ұлттық банк филиалы
директорының орынбасары:
Ұлттық банк осы банкноттың дизайнын даярлауға 6
жыл уақыт жұмсады. Менің өзім бұның бетіндегі суреттің дұрыс-бұрыстығына баға
бере алмаймын. Бірақ Алматыдағы Әлкей Марғұлан атындағы тарих және археология
институтымен келісілген.
Мансұр ЕСҚОЖИН