Керекуде мүгедектердің кіріп шығуына арналған
автоматтандырылған көтергіш құрылғы құрастырылды. Әзірге электропандустың екі
түрі жасалған. Бірі тұрғын үйлерге арналып жасалса, енді бірі халық көп келетін
орындарға ойластырылыпты. Дегенмен жаңа құрылғы сынақ ретінде жалғыз
кәсіпорынның алдына орнатылған. Көтергіш құрылғыны аймақтағы әріптесім Әсемгүл
Мұхитқызы сынап көрді.
Мынау қондырғы подъездерге арналған. Кез-келген адам
подъезге кіре берісімен қолындағы кішкентай ғана пультпен оны іске қоса алады.
Айта кету керек, бұның бағасы да қымбат емес. Құрастырушының сөзінше, шамамен
миллион теңгенің маңында.
Қос аяғынан кем боп қалған Елена Юрченко Павлодарда бірегей
көтергіш әзірленіп жатқанын естігенде, бірден құрастырушымен кездесуді
ұйғарған. Бүгінде таныстығы әріптестікке ұласты деуге болады. Осында келген
сайын құрылғыны сынап, кем-кетігін тізбектеп береді. Осылайша, қондырғының
жан-жақты жарақтануына өз үлесін қосуда.
Елена Юрченко, Павлодар қаласының тұрғыны:
Кей жайттарды ақылдастық. Мәселен, апаттық кнопканың болуы,
қол ұстағыш және мына бір тосқауылдар түсіп-көтерілгенде автоматтандырылса
деген ұсыныс жасадық. Әрдайым келіп, көріп кетемін. Егер бірдеңе ұнамаса, айтып
отырамын. Жалпы біз сияқты адамдарға өте ыңғайлы.
Құрастырушы әу-бастан мүгедектердің күнделікті тірлігін
жеңілдетуді көздептті. Бір жылдың ішінде ойындағысын жүзеге асырған. Алғашқы
көтергіш құрылғы сынақтан өтіп жатыр. Аталған кәсіпорынға келуші мүмкіндігі
шектеулі жандар емін-еркін кіріп шығып жүр.
Нұлболат Сәрсембин, құрастырушы:
Ең бастысы, мүгедек жан ешкімнің көмегінсіз көтеріліп,
түссе дегенді негізге алдым. Керек жеріне тосқауылсыз жету. Кішкентай
табалдырықтың өзі жарымжан жандар үшін үлкен қолайсыздық тудырады. Сондықтан,
біздің қондырғыда осы жағы толықтай ескерілген.
Кәсіпорынның кіре берісіне сынақ үшін орнаталған мынау
көтерілгіштің орташа құны 800 мың теңге. Тапсырыс болса, жылына 30-50 бірлігін
жасауға мүмкіндігіміз бар дейді құрастырушылар. Орайы келгенде айта кетейік,
Павлодар қаласында әлеуметтік нысандардағы пандус мәселесі қазір құзырлы
органдар тарапынан тексеріліп жатыр. Қалада жалпы 182 әлеуметтік ғимарат бар,
оның 153-і қазір пандус орнату үшін есеп қисап жасаған. Кешенді шараға 2 млрд
600 мын теңге қажет.
Лариса Кузьменкова, Павлодар қалалық жұмыспен қамту және
әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары:
Біз бірінші кезекте, білім беру, денсаулық сақтау, спорт,
мәдениет және мемлекеттік органдарды негізге алып отырмыз. Мүгедектермен жұмыс
істейтін құрылымдар және жарымжан жандардың жиі келетін мекемелер осылар. Енді
бюджетті нақтылау кезінде жобалық-сметалық құжатнамаға қосымша қаржы сұраймыз.
Мобильді пандустың екі түрі дайын. Құрылғы авторы болашақта
бес қабатты үйлерге ықшамдалғанын жасауды жоспарлап жүргенін айтты. Ал әзірге
пандустың бірін қаладағы үйлердің біреуі орнатпақшы. Нақты қайсысына әзірге
белгісіз. Тек бұл кәсіпорынның мүгедек жандарға жасаған өзіндік тартуы болмақ.
Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ