Русский Сайттың толық нұсқасы

Футболдан әлем чемпионатында топтық кезең ойындары аяқталды

  • AstanaTV
  • 27 маусым 2014
  • 1187

Футболдан әлем чемпионатында топтық кезең ойындары аяқталды. Соңғы топтан Бельгия және Алжир құрамалары 1/8 финалға берілетін жолдамаға ие болды. Өз кезегінде жанкүйерлер сенімін ақтай алмаған Ресей және Оңтүстік Корея командалары үйлеріне қайтты.

Топтық кезең басында Ресей құрамасы келесі айналымға шығатын бірден-бір команда болып саналған. Іске келгенде, барлығы басқаша өрбіді. Бұл әлем чемпионатында Фабио Каполлоның шәкірттері тіпті бір ойында жеңіске жете алмады. «Н» тобындағы соңғы кездесуде ресейлік футболшылар Алжир құрамасымен сынға түсті. Кездесуді ширақ бастаған Ресей командасы бірінші таймның басында есеп ашты. Голдың авторы Александр Кокорин. Жылдам гол соққан Фабио Капеллоның шәкірттері бірден қорғанысқа көшті. Қарымта шабуылға шыққан Алжир футболшылары үзіліске дейін бірнеше мәрте есепті теңестіретін мүмкіндікке ие болды. Бірақ бұл сәттерде қақпашы Игорь Акинфеев шеберлігімен көзге түсті.

Екінші таймның басында Ресей командасы есепті еселеуге жақын қалды. Бірақ Самедовтың соққысын қақпашы қайтара білді. Қорғаныстағы олқылықтарға қарамастан, шабуылда аянып қалмаған Алжир футболшыларының еңбегі бағаланды. Әріптесінің айып алаңынан көтерген пасына биік секірген Слимани қақпашы Игорь Акинфеевтің қателігін ұрымтал пайдаланып, есепті теңестірді.

Қалған уақытта Фабио Капеллоның шәкірттері жеңіс үшін барын салды. Бірақ қорғанысы сыр бермеген Қара Құрлықтың өкілдері тең есепті ұстап қалды. Енді 1/8 финалда Бельгия АҚШ құрамасымен, ал Алжир командасы Германия футболшыларына қарсы тұрады.

Самат ҚАНАҒАТОВ