Русский Сайттың толық нұсқасы

«Кедергісіз келешек» жобасы аясында бес жарым мыңдай мүмкіндігі шектеулі азамат жұмыспен қамтылды

  • AstanaTV
  • 30 маусым 2014
  • 1772

«Нұр Отан» партиясы қолға алған «Кедергісіз келешек» жобасы аясында бес жарым мыңдай мүмкіндігі шектеулі азамат жұмыспен қамтылған. Бұл туралы партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек орталық және жергілікті атқарушы органдар, мемлекеттік емес ұйым басшылары, Мәжіліс депутаттары мен министрлер қатысқан селекторлық жиында айтты.

Бүгінде мүгедек жандарды жұмыспен қамту ісі аймақтарда белсенді атқарылуда, алайда олқылықтар да бар. Мәселен, жұмысқа қабылданған бес жарым мың азаматтың тек 46%-ы ғана тұрақты жұмыс орындарына жіберілген. «Жұмысқа қабылдау кезінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың денсаулық жағдайы, тәжірибесі мен жасы ескерілмейді. Тіпті арнайы мамандарды қажет ететін қызмет орындарына арнайы білімі жоқ жандар қабылданады. Орта білімді мүгедектер көбіне заңгер, инженер және мұғалім қызметін атқарады», - дейді Бауыржан Байбек. 

Бауыржан Байбек, "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Мүмкіншілігі шектеулі азаматтардың жағдайын жақсарту мәселесінде саны көп, сапасы жоқ көрсеткіштер алып отырмыз. Осы орайда бірқатар істі қолға алмақпыз. Біз жаңа сапалы деңгейге көтерілуіміз қажет. Тұтастай алғанда, Қазақстанда мүгедектердің әлеуметтік моделін қалыптастырып, олардың құқықтарын жүзеге асыру жүйесін ұйымдастыруымыз қажет.

Жалпы соңғы екі жылда кемтар азаматтардың құқығын бұзған 88 нысан анықталды. Бұл мағлұматпен Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев бөлісті. Оның айтуынша, ғимараттарда пандус пен арнайы тұтқалар жасалмаған. Кіреберістердегі сатылар мүгедек адамдарға бейімделмеген. Осы орайда министр барлық талаптарға сәйкес 5,7 және 9 қабатты арнайы тұрғын үйлердің үлгілік жобалары жасалып жатқанын айтты. 

Болат Жәмішев, ҚР Өңірлік даму министрі:

"Жұмыспен қамту жол картасы - 2020" бағдарламасы аясында нысандарда күрделі жөндеу жұмыстары атқарылуда. Яғни жұмыстар талапқа сәйкестендіріліп жасалуда. Реконструкциялау жобасының арқасында қазіргі қолданыстағы ғимараттар да қайта жөндеуден өтіп, мүмкіншілігі шектеулі азаматтарға қолайлы нысандар саны ұлғаяды деген ойдамын.

Сондай-ақ, жиын барысында барлық аймақтардағы партия төрағаларына жұмысқа орналастырылған мүгедек жандар туралы толыққанды ақпарат беру тапсырылды. Еңбекпен қамтылған мүмкіндігі шектеулі азаматтарды бақылайтын жүйе енгізу керектігі де айтылды. «Партияға берілетін ақпар жалған болған жағдайда, аймақтардағы партия басшыларына тәртіптік жаза қолданылады», - деді Бауыржан Байбек. 

Жұрағат БАМАН