Русский Сайттың толық нұсқасы

Жас палуан Мұхит Тұрсынов «Қазақстан Барысы-2014» турнирінің жеңімпазы атанды

  • AstanaTV
  • 30 маусым 2014
  • 2575

«Қазақстан Барысы-2014» турнирі өз мәресіне жетті. Сайыста жас палуан Мұхит Тұрсынов жеңімпаз атанды. Ақтық сында Қарағанды облысының спортшысы Асыл Барменовпен белдескен Мұхиттың бағы жанды. Айта өтейік, палуандар сайысының өз деңгейінде өтуіне "Нұр Отан" партиясы бастамашы болды. Самат Қанағатов тарқатады.

«Сарыарқа» спорт кешенінде өткен жарыс көпшіліктің көңілінен шықты. Жеребе тастау рәсімінде палуандардың дене бітімі, ұлттық нақыштағы киім үлгісі, жарыстың өзге де ерекше тұстары алыс-жақын шет елдерден келген меймандарды таңдай қақтырды. Турнирдің ұйымдастырылуы әдеттегідей жоғары деңгейде өтті. "Нұр Отан" партиясы әрдайым ұлттық спорт түрлерін дамытуға қомақты үлес қосып келеді. Бұл жолы да осы дәстүрден жаңылмаған партия «Қазақстан Барысы-2014» турнирінің ойдағыдай өтуіне лайықты қолдау көрсетті.

Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Елбасы, «Нұр Отан» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырып, еліміздің әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарынан табылуы үшін дені сау, рухы биік, дәстүрге бекем халық бола білуіміз керек. Тек өз тарихының, тілінің, ұлттық болмысының қадірін білетін ел ғана өсіп-өркендей алатыны, бәсекеге қабілетті болатыны даусыз.

Боз кілем төріне шыққан палуандар шеберлігімен көзге түсті. Бұған дейін өткен жарыстардың жеңімпаздары бірінен соң бірі ұтылғаннан кейін, көрермендер жаңа чемпионның есімін тағатсыздана күтті. Бұл сында финалға сүрінбей өткен Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарының спортшылары Мұхит Тұрсынов пен Асыл Барменов өзара мықтыны анықтады. Негізгі уақытта тең түскеніне қарамастан, белдесуде жолы болған Мұхит Тұрсынов «Қазақстан Барысы-2014» турнирінің жеңімпазы атанды.

Мұхит Тұрсынов, «Қазақстан Барысы-2014» турнирінің жеңімпазы:

Бізді ағайлар тең түскен жағдайда салмағы кіші палуандар жеңеді дейді. Сол дайындаламыз, біріншіден. Әл жаттығу бітер алдында екі-үш схватка белдесумен өткіземіз. Арнайы дайындаламыз. Сол дайындықтың арқасында жеңіске жеттім деп ойлаймын.

Сонымен турнир жеңімпазы чемпиондық белбеумен бірге 150 АҚШ доллары мен алтын «Тайтұяқты» иеленді. Ал бұған дейін жеңімпазға берілетін автокөлік жеңіске деген құштарлығы үшін Жамбыл облысының спортшысы Дәулетхан Жақыповқа бұйырды.

Самат ҚАНАҒАТОВ