Русский Сайттың толық нұсқасы

Францияның экс-президенті Николя Саркози қамауға алынды

  • AstanaTV
  • 01 шілде 2014
  • 1140

Францияның экс-президенті Николя Саркози қамауға алынды. Оған қызмет бабын асыра пайдаланды деген айып тағылған. Саркози президент болған тұста жеке телефонының тыңдалғанына қатысты да тергеуге алынбақ.

Бұрынғы президенттің ұсталуы ел тарихында тұңғыш тіркеліп отыр. Және бұл француз қоғамын дүр сілкіндірді. Дегенмен, полиция оны ұзақ ұстамайтынын хабарлады. Бір тәулікке қамалған саясаткер төрт сағат бойы тергеуге алынбақ. Саркози полицияның жемқорлыққа қарсы тергеу бөліміне өз аяғымен келген. Әзірге экс-президенттен куәгер ретінде жауап алынып отыр. Николя Саркози президент болған тұста оның телефоны тыңдалған. Бұл тыңшылық полиция үшін жаңа деректердің бетін ашуы мүмкін.

Соңғы жылдары Саркози басқарған «Халықтық қозғалыс одағы» партиясының 2007-2012 жылдары сайлау алдындағы науқанда заңсыз қаржы иемденгені айтылып жүр. Оған Францияның ең ауқатты әйелдерінің бірі L`Oreal желісінің мұрагері - Лилиан Бетанкур қолдау көрсеткен-мыс. Уақытша тергеу болса да, бұл оқиға үлкен саясатқа қайтып оралуды ойлайтын экс-президенттің беделіне нұқсан келтіруі мүмкін.

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ