Ұлттық валюта алдағы уақытта құнсызданбайды. Бұл туралы Экономика және
бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев мәлімдеді. Айта кетейік, әлеуметтiк
желiлерде Ресей мен Қытай өзара сауда айналымын рубль мен юаньде
жүргiзетiндiктен, девальвацияның екiншi толқыны орын алуы мүмкiн деген қауесет
тараған. Осы орайда, министр «ұзын құлаққа» сенудiң реті жоқ деді.
Ерболат Досаев, ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі:
Девальвацияға ешқандай негiз жоқ. Ресей рублi өзiнiң тұрақтылығын сақтап
тұр. Бүгiнде ол Ресей банкi қойған шектiк дәлiзде. Қазақстанда да сол жағдай.
Алдағы уақытта Қытаймен сауда айналымын бiз де юаньде жүзеге асыруды жоспарлап
отырмыз. Бұл екi жақтың тауар айналымында орнықты жағдай. Жыл басынан төлем
балансының төмендеуi байқалған жоқ. Алдағы уақытта девальвация болмайды.
Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен брифинг барысында Өңірлік даму
министрі Болат Жәмішев жылу желілерін жаңғырту бойынша кешенді жоспар
әзірленіп жатқанын мәлімдеді. Айтуынша, аталған секторда қондырғылардың тозу
деңгейі жоғарылаған. "Жылу электр станциялары мен ірі қазандықтарды есепке
алмағанда, жылумен жабдықтау көздері бойынша да жағдай нашар", - деді Жәмішев.
Болат Жәмішев, ҚР Өңірлік даму министрі:
Жылу желілерін жаңғырту бойынша кешенді жоспарға сәйкес, жылу көздері
тексерістен өткізіліп, техникалық жағдайына баға беріле келе, инвестициялаудың
негіздемесі әзірленеді. Қалалар мен ауылдарды жылумен жабдықтаудың сызбанұсқасы
дайындалады.
Жұрағат БАМАН