Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанайда павлодарлық «Ертіс» футбол клубының бұрынғы бас директорына жемқорлыққа жол берді деген айып тағылып отыр

  • AstanaTV
  • 01 шілде 2014
  • 1371

Павлодарлық «Ертіс» футбол клубының бұрынғы бас директоры Қалымжан Ержановтың басы тағы дауға қалды. Бұл жолы оған Қостанай қалалық спорт бөліміне жұмыс істеп жүргенде жемқорлыққа жол берді деген айып тағылып отыр.

Қостанай облысы бойынша қаржы полициясы Қалымжан Ержановқа қатысты Қылмыстық кодекстің 312-бабы 4-бөлігі «б» тармағы бойынша іс қозғады деп хабарлайды аталған мекеменің баспасөз қызметі. Ақпарға сүйенсек, ол тексеріске келген құзырлы орган қызметкеріне ірі көлемде пара берген. Естеріңізге сала кетейік, «Ертіс» футбол клубына дейін Ержанов қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімін басқарған болатын.

Рустам Садықов, Қостанай облысы бойынша ЭҚСЖҚКД ресми өкілі:

Ол өзіне қатысты өткізілген тексерістің оңтайлы шешімін шығару үшін қаржы полициясы қызметкеріне алты мың доллар көлемінде пара берген деп айыпталады. Ержанов өз кінәсін мойындағаны себепті аталған қылмыстық іс сотқа дейінгі жеңілдетілген өндіріспен жүргізілді.

Қалымжан Ержанов Қостанай қалалық спорт бөліміне 2012-13 жылдары жетекшілік еткен. Сол тұста шаһардағы «Аквапаркпен» мәмілеге келіп, спорт кешенінде жарыстар ұйымдастырмақ болады. "Сөйтіп сан сайысты желеу еткен басшы қырық миллион теңгеден астам қаражатты қалтаға басты", - деп жергілікті ақпарат құралдары жарыса жазып жатыр. Ал Қылмыстық кодекс бойынша лауазымды тұлғаға пара бергені үшін 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Заңғар САНАЙ