Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда 50-ге жуық кәсіпкер бір күнде нәпақасынан қағылды

  • AstanaTV
  • 01 шілде 2014
  • 1451

Атырауда 50-ге жуық кәсіпкер бір күнде нәпақасынан қағылды. Автобекет ғимараты мен оның маңындағы сауда орындарын жалға алып, сауда-саттықпен айналысқан тұрғындар бүгін дүңгіршектерін аша алмады.

Жұмагүл Қарымсақова, жеке кәсіпкер:

12-ден бастап светті өшірді, түнгі 12 бастап бутиктерді жауып тастады. Ішінде тауар тұр, шоколад, балмұздақ еріп кетті. Бүкіл фирмаларға қарызбыз. Өзім жалғызбасты анамын. Енді біз қайда барамыз. Тек акимат шешеді.

Автобекеттің қазіргі қожайыны ғимаратты "Аджип" компаниясынан жалға алып, ары қарай жеке кәсіпкерлерге жалға беріп келген. Нысан аталған алпауыт компанияның меншігінде. Бірақ ғимараттың құжаттарына жергілікті әкімдік араласып отырған. Тіпті, кәсіпкерлермен келісімшартты да әкімдік жасап келді. Кәсіпкерлер 4 жылдан бері осы жүйемен алаңсыз жұмыс істеп келгенін алға тартады.

Олар маусымның 30-да келісімшарттың мерзімі аяқталғанын мойындап отыр. Тек жылдағыдай құжатты созады деген үмітпен бүгін жұмысқа шыққан. Түнде контейнерді жауып, электр жарығын ажыратып тастағанда, аңтарылып қалғандарын айтады. 50 кәсіпкерден бөлек, тағы автобекеттегі 20 шақты жұмысшы да бір күнде еш ескертусіз нәпақасынан қағылғанына ашулы.

Лариса Жұмалиева, автобекет есепшісі:

Бұл келісімшартты акимат екі рет созды, білгілі бір келісімшарт алғашында жасалды да, екі рет жауып екі рет ашты. Облыс әкімінің бірінші орынбасары қыс айларында келіп ашқызды. Келісімшартты әрі қарай тағы жалғайтын шығармыз десек, созбады. Таңертең келсек, мекеме жабық, 5 жыл жасаған жерімізден далада қаңғып жүрміз. Бүгінгі күні уақыт бітті деп акимат созбады. Біздің білуімізше, бұл мекемені басқа біреу алғысы келеді.

Далада қалған кәсіпкерлер шағымын арқалап, облыстық әкімдікке барды. Бірақ олардың жанайқайына құлақ асар жан әріге табылмай тұр. Шенділердің қабылдауына жазылып, 15 күн ішінде олардан жауап күтетін болды. Амалы таусылған жұрт басқа да құзырлы орындарға шағымданатын болып тарқасты.

Базаргүл ІЗІМОВА