Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде кәріз сулары өзенге жіберілуде

  • AstanaTV
  • 01 шілде 2014
  • 1741

Ақтөбеде кәріз сулары өзенге жіберілуде. Қаладан шығатын шайынды су жиналатын көлшікті босату мақсатында, Ақбұлақ мекемесі тазартылмаған қалдықтарды Елек өзеніне ағызатын көрінеді. Бұл туралы аймақ прокурорлары мәлімдеп отыр. Тілшіміз Мансұр Есқожин суы ластанып жатқан өзеннің жайына алаңдап, мәселенің мәніне үңілген еді.

Қарғалы мен Елек өзендері Ақтөбенің қақ ортасын кесіп өтіп Каспий теңізіне құяды. Көктемгі тасқында суға кәріз қалдықтары да қосылып кететіні жасыруға келмейтін жайт. "1982 жылы іске қосылған арнайы су тазарту қондырғысы, осыдан 3 жыл бұрын күрделі жөндеуден өткеніне қарамастан жұмысын тиісті деңгейде атқаруға қауқарсыз", - деп отыр жауапты азаматтар.

Болат Қуанышев, «Ақбұлақ» АҚ бөлім басшысы:

Біздің құрылғылар белгілі деңгейге дейін тазарта алады. Ал қалдық сулардың құрамындағы улы заттар тым көбейіп кетсе, шарасызбыз. Бүгінде ол көрсеткіш бірнеше есеге артып тұр. Көптеген мекемелер шайынды суларын сүзгіден өткізбейді. Тазарту технологиясын қадағаламайды.

Бұл сорақылықты прокурорлар кезекті тексеру кезінде анықтады. Шығынды нақты есептеу мүмкін болмай тұрған көрінеді. Қадағалаушы орган жергілікті билік өкілдері мен экологтарға тығырықтан шығудың жолын табу туралы ұсыныс енгізген.

Маратбек Мырзамұратов, Ақтөбе облыстық прокуратурасы I-ші басқармасының бастығы:

Бұл бойынша ұсынысты облыс әкімдігіне енгізген болатынбыз. Жалпы облыс әкімінің жауабына қарағанда, жақын арада бұл бекеттерді құрал-жабдықтарды жаңарту жөнінде тиісті бюджеттен қарастырылған ақша.

Экологтар болса мәселеге қанықпыз, тек қолдан келер шара жоқ дейді. Жергілікті билік Ақбұлақ компаниясымен бірігіп үш жақты келісімге келген. Қар суының көлемі шаһардан шыққан қалдықты шайып кетер деген үмітпен көктемде кәріз қалдықтарын өзенге ағызып келген.

Зоя Писарогло, Ақтөбе облыстық экология департаментінің бөлім басшысы:

Тазарту құрылғылары кәріз суларын қалдықтардан толық арылта алмайды. Сондықтан көктемгі тасқын кезінде араластыруға рұқсат берілген. Ақтөбе су қоймасынан келетін таза сумен араласады. Құрамындағы улы заттардың көлемі азаяды.

Бірнеше жыл бұрын кәріз суы жаңадан салынып жатқан Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық дәлізі бойындағы көпірді шайып кеткен болатын. Төрт тағанда нық тұрған өткелді бұзып кеткеніне қарағанда, келген судың көлемі аз болмаған сыңайлы. Сорақысы сол, Електі жағалай қоныстанған ауылдардың көбі өзен суын тұрмыста да пайдаланып келеді. Ал олардың қашанға дейін кәріз суына қарық болатындығы әзірге белгісіз.

Мансұр ЕСҚОЖИН