Русский Сайттың толық нұсқасы

ОҚО-ның Арыс қаласында сүт фермасының бірінші кезеңі іске қосылды

  • AstanaTV
  • 01 шілде 2014
  • 1851

Оңтүстік Қазақстанда сүт өнімдерінің тапшылығы түбегейлі шешілетін болады. Арыс қаласында сүт фермасының бірінші кезеңі іске қосылды. Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асқан жобаның жалпы құны 1 млрд 600 млн теңге. Сүт фермасының бір күндік тіршілігімен Айзада Төребекқызы танысып қайтты.

Асыл тұқымды ірі қаралар Канададан жеткізілген. Жоспарға сәйкес фермадағы 400 бас сүтті сиыр күзге дейін 800-ге жетеді. Ферма басшылары салқын ауа-райына үйренген жануарлардың аптап ыстыққа бейімделіп қалғанын айтады. Жаңа сүт фермасы заман талабына сай, заманауи қондырғылармен жарақталған. Сиырлардың тұрағы мен жейтін қорегіне дейін ерекше.

Әлімжан Ахметов, серіктестік директоры:

Мына жердің ауасы салқын, байқап тұрсыздар, сол үшін осы условие жасалған. Ертең төрт қатар вентилятор қосылады. Силоспен, сенажбен, шөппен витаминдері бар осы жерде, жыл бойы біртүрлі рацион болады бұларда.

Ақпанның аяғында жеткізілген сиырлардың 147-сі бұзаулады. Зеңгі баба төлдері жергілікті жерде асыл тұқымды мал санын артыруға сеп болғалы тұр. Мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр.

Дәулет Хасенов, Арыс қаласы әкімінің орынбасары:

1800 га суармалы жер, мың га жайылым, 25 га құрылысқа жер бердік. Соның нәтижесінде бүгінгі таңға бұл жоба ешқандай кедергісіз іске асып жатыр. Бұл жерде ең басты - жем-шөп мәселесі шешілген толық.

Фермада сиыр саууды автоматты қондырғылар жүзеге асырады. Канадалық асыл тұқымды сиырдың әрбірі күніне жиырма литр сүт береді. Яғни бір күнде үш мың литр сүт алынады.

Қанат Сыдықов, ОҚО кәсіпкерлік және индустриалды даму басқармасы басшысының орынбасары:

Бізде облысымызда 3 млн халық тұрады деп алатын болсақ, 420-440 мың тонна сүт және сүт өнімдері пайдаланатын болсақ бір жылда, бүгінгі таңда біздің өндіріп отырған сүтіміз облыста 280 мың тоннаның көлемінде.  Осындай жобалардың қасында сүттің және сүт өнімдерінің дефицитін біз осымен жабамыз ба деген ойымыз бар.

Күзге дейін Канададан тағы төрт жүз бас сиыр әкелінбек. Ферманың жоспарлық қуаттылығы - 5 мың 200 тонна сүт. Әзірге алынған өнім тапсырыс бойынша кәсіпорындарға өткізіледі. Шаруашылық келешекте сүт өнімдерін өңдеуді қолға алмақ.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ