Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш өкілі ғарыш кеңістігін бағындырған тарихи
сәтке 20 жыл толды. Осыған орай Астанада ғарыш тақырыбын арқау еткен
халықаралық конференция өтті. Жиынға Талғат Мұсабаевпен орбитада қызметтес
болған көршілес Ресейдің де мамандары қатысты. Басқосу барысында әріптестер
бейресми әңгімеге көбірек ойысты. Конференцияға қатысушылар қазақстандық
ғарышкерлердің өткен сапарын еске алысты.
Сонымен қатар отандық космонавтика
саласының жақсы қарқынмен дамып келе жатқанын да атап өтті. Оның айқын дәлелі
ретінде Ақкөл қаласында құрылысы басталған кәсіпорынды айтуға болады. Болашақта
аталмыш зауыт ғарыш аппараттарының қосалқы бөлшектерін шығару, ғарыш
кемелерінің сынағын жүргізу ісімен айналысады деп күтілуде. Сондай-ақ мамандар
"Қазсат-3" жерсерігінің қыркүйекте қолданысқа енетінін мәлімдеді. Ал
"ҚазЕОСАТ" спутниктерінің сәтті ұшырылымынан кейін еліміздің барлық
аймақтарын қашықтықтан зондтау мүмкін болып отыр.
Мейірбек Молдабеков, ҚР Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары:
Қазақстан қос спутниктен тұратын Д33 ғарыш жүйесіне ие. Олар спутникті
жерден басқаратын кешен мен Д33 жүйесінен келіп түскен ақпаратты өңдеп, әрі
қарай тарататын жердегі ғарыш жүйесі. Достастық елдері аумағында мұндай жоба
алғаш рет іске қосылды. Аталмыш жүйе барлық техникалық мүмкіндіктері бойынша
шет елдермен бәсекелесе алады.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ