Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылордада «Сушка» фотокөрмесі ашылды

  • AstanaTV
  • 14 шілде 2014
  • 1374

Қызылордалық жастар ерекше шараны қолға алып, "үлкен кептіру" акциясын ұйымдастырды. 300 астам фотожұмыстар қәдімгі қыстырғыштармен жіпке ілінді. Осылайша бүкіл әлемді жаулап келе жатқан «Сушка» фотожобасы Қызылорда шаһарына да жетті. «Оқушылар үйінің» саябағында өткен айрықша акцияны Шарипа Сақтапова да тамашалап қайтқан еді. 

"Өзін көрсетіп, басқаларды байқау". Мұндай қадамды әуесқой фотограф Виктор Лаптев бұрыннан ойлайтын. Пікірлестермен кездесіп, әңгіме дүкен құрып, қызықты идеялармен бөлісуді, өз жұмыстарын көпшілікке паш етуді армандайтын. Сол ойы іске асатынын білген оның қуанышында шек жоқ.«Сушкаға» елуден астам жұмысын алып келді.

Виктор Лаптев, әуесқой фотограф:

Бірінші рет ұйымдастырылып жатса да, қатысушы көп, жұмыстар да жеткілікті. Барлығына ұнап жатыр, келгендер қуанышты.

Рауандап атқан таң мен қызарып батқан күннің әсем көрінісі, шексіз көкжиек, сәбидің тәтті күлкісі мен таңғы шық. Әр суреттің өзіндік ерекшелігі толып жатыр. Барлығының тірі және шынайы көрінетіні сонша, сәлден соң бетіңе қонатын алғашқы қарды да, жауын алдындағы қапырықты да сезе бастайсын.

Сабыржан Кеңшілік, Қызылорда қаласының тұрғыны:

Дәл осы шараның арқасында қаламыздағы ең мықты, беделді, қолынан өнері, балы тамған фотографтармен таныстық. Олардың жұмыстары өрге жүзсін, дәл осындай шаралар көп болсын.

Жаңа көзқарас, сәтті түскен кадр, қызықты ракурс, дебют. Айшықты жұмыстардың барлығы назардан тыс қалмақ емес. Ең мықты жұмыстар арнайы альбом жинағынан орын алады.

Ерлан Мұсаев, «Социум-Қызылорда» ҚҚ төрағасы:

Мақсатымыз - осы шара арқылы аймақтағы әуесқой фотографтарды жинап, елге таныстырып, жұмыстарын көпшілікке паш ету. Енді сурет өнерінің хас шеберлері туралы жұрт біліп жүретін болды. Бұл пайдалы әрі игі бәсекелестік десе де болады.

«Сушка» Санкт-Петербургте алғаш рет 2010 жылы өткізілген. Бүгінде әлемнің 90 қаласына тарап үлгерді. Енді олардың қатарында Қызылорда да бар. Көрмеге 50-ден астам әуесқой-фотограф қатысты. Алдағы уақытта бұл санның көбейе түсеріне ұйымдастырушылар сенімді. Ал «Сушканы» ай сайын өткізу жоспарланып отыр.

Шарипа САҚТАПОВА