Русский Сайттың толық нұсқасы

Ардагер Екатерина Плужникова Астана күнінде 90-жасқа келеді

  • AstanaTV
  • 04 шілде 2014
  • 1451

Астана күні жақындаған сайын мерекеге дайындық та қызу. Думан басталып кеткенімен, қала тұрғындары мен қонақтары 6-шілдені асыға күтіп жүр. Биылғы қала күнінде қос мерекені қатар атап өтетін астаналық қарияның әзірлігі ерекше. Соғыс ардагері Екатерина Плужникова сол күні 90-жасқа келеді. Өмірінің 60 жылы осы мекенмен тығыз байланыста өрілген қариямен тілшіміз Тоғжан Жалғасбекқызы жүздесті.

90-ға толғалы отырған ананың қимылы ширақ, өзі тың. Туған күніне дайындалып жүр. Төл мерекесін қазақтың камзолын киіп қарсы алам, дейді. Қазақстанға 1946-жылы Ресейден көшіп келген. Жары өмірден ерте озып, екі ұл мен екі қызын өзі жеткізеді. 42 жыл осында байланыс саласында еңбек еткен. Мұнда алғаш келген жылдарын ерекше еске алады.

Екатерина Плужникова
, Ұлы Отан соғысының ардагері:

Біз мұнда наурыз айында көшіп келдік. Ол кезде қала Ақмола деп аталатын. Көшелер асфальтталмаған, тастақ болатын. Биік ғимараттар тұрмақ, 2-3 қабатты үйлердің өзі аз еді. 1 ғана автобус жүретін. Әкімдікке қарсы алаңда аттар мен сиырларды жиі көретінбіз.

Екатерина Плужникова соғыстың алдында Мәскеудегі санитарлық фельдшерлер дайындайтын училищеге оқуға түседі. 18-ге толмаған өрімдей қыз 2-курста оқып жүргенде майданға аттанады. Сталинград түбіндегі әскери бөлімшеде 315-дивизияда пошташы болып, хат тасиды. Соғыс аяқталғанша екінші, үшінші Украина майданына, Венгрия, Молдавия, Чехия майдандарына қатысады. Ал, жеңісті Австрияда қарсы алған. «Сталинградты қорғағаны үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен, «Германияны жеңгені үшін», сондай-ақ, ҰОС-ның екінші дәрежелі орденімен марапатталған. Бүгінде немере-шөберелері ардақты әжесімен мақтанады.

Екатерина Рудковская
, немересі:

Әжеміз - үйдегі ең құрметті адам. Әлі күнге дейін бізге ақылын айтып, жөн сілтеп, қолдап отырады. Айтқанын екі етпейміз. Биылғы туған күнінде оны қуанту үшін жақын адамдардың бәрін, достарына дейін шақырамыз. Тосын сыйымыз да бар. Астана күнімен қатар келетіні ерекше.
Демалыс болған соң бәріміз үйде болып, терезеден отшашуды тамашалаймыз.

Ардагер Астананың бүгінгі кейпіне риза. Кезінде үлкен ауыл сияқты еді, тіпті бір-бірімізді танитынбыз. Қазір 60 жыл тұрсам да өзім адасып қалам, - деп қалжыңдайды қарт ана. Мұндағы әр көше - оның жастық шағының куәсі.

Екатерина Плужникова
, Ұлы Отан соғысының ардагері:

Мына орталық алаң шағын ғана болатын. Барлық мәдени шаралар осында өтетін еді. Жеңіс күніне арналған шерулер осы жерде болып, бізге құрмет көрсететін. Мына ғимараттар, әкімшілік мүлдем жоқ болатын. Ал, қазіргі Конгресс-холл орнында «Целинный» сарайы болды, концерттер өтетін, биге, киноға келетінбіз. Бүкіл жастық дәуренім есіме түседі. Қазір бұл жерді тану қиын. Сәулетіне таңдай қағам. Астана көз алдымда көркейді. Жыл сайын қала жаңарып жатыр.

90-ға келген әже қаланың әр көшесін, тарихын жатқа біледі. Астана күніне арнап ақ тілегін де ақтарды.