Русский Сайттың толық нұсқасы

Германия - футболдан 4 дүркін әлем чемпионы

  • AstanaTV
  • 14 шілде 2014
  • 1843

Германия - футболдан 4 дүркін әлем чемпионы. Бір айға созылған доп додасының ақтық сынында «неміс машинасы» Аргентина құрамасын тізе бүктірді. Көптен күткен кубокпен қатар неміс құрамасы бірқатар рекордтарды жаңартты. Мундиальда ең көп соғылған доп, ең нәтижелі шабуылшы, үздік қақпашы, деген бірталай атақты Бундестим ойыншылары қанжығаға байлады. Америка жерінде жеңіс тойын тойлаған алғашқы еуропалық ұжым ретінде тарихта қалды. Азамат Алдоңғаров тарқатады.

120 минутқа созылған тартысты ойын тағдырын әріптесін алмастырған қос неміс футболшысы шешті. Жарақат алған Крамердің орнына шыққан Шюрленің 113 минутта қарсыластың айып алаңына әуелете берген пасын 22 жасар Марио Гетце салқынқандылықпен Серихио Ромероның қақпасына бір-ақ қимылмен салды. Осылайша оңтүстік америкалық команданың үміті көкке ұшты.

Қос команда да финалға жету жолында қиын кездесулер өткізді. Әлемнің ең үздік деген 32 ұжымымен болған 7 кездесу қорытындысы Германия мен Аргентинаны төртжылдықтың соңғы шешуші күнінде әйгілі Мароккана стадионында түйістірді. Ойын барысында екі команданың мүмкіндіктері мен ойын қарқыны тең түсіп отырды деуге болады. Мануэль Нойер қорғаған қақпа алдында болған ұрымтал сәттерде Игуаин, Месси, Агуера, Палассиолар білгендерінен жаңылып жатты. Нәтижесінде әлемдік футболдың «сен соқпасаң, саған соғады» деген жазылмаған заңы өміршеңдігін дәлелдеді. Ойынның бас қаһарманы - жас ойыншы Марио Гетце. Есеп 0:1, Германия чемпион.

Бұл мундиаль жаңалықтарға толы болды. Ешкім бәс тікпеген ортаңқол құрамалар үздік дегендерді жеңіп, көп мақталғандар ойыннан шығып қалды. Әлем біріншілігінің көптен өзгермеген көрсеткіштері де жаңарды. Мәселен, чемпионатта ең көп гол соққан Бразилиялық Роналдоның рекордын неміс Мирослав Клозе жаңартты. Ол 24 кездесуде 16 гол соқты. Ал Мануэль Нойер қақпасына доп жуытпаған ең үздік ойыншы деп танылды.

Жанкүйер қыз:

Менің ойымша, біздің бапкер - әлемдегі үздік бапкер. Үздік қақпашы, үздік менеджерлер. Бұл ойын өмірімде көрген ең қызықты ойын болды.

Ең жас үздік ойыншы атағын француздық Поль Погба иеленсе, «алтын бутса» марапатын колумбиялық жартылай қорғаушы Хамес Родригес қанжығалады. Ал Леонель Мессидің мундиальдің үздік ойыншысы атануы ащы жеңіліске жұбаныш бола алмады. Тіпті әйгілі Марадона да «Месси бұл атаққа сай емес» деп жазады. Ал жанкүйерлердің команда ойынына көңілдері толады.

Аргентина жанкүйері:

Соңғы 24 жылда бірінші рет ақтық ойынға дейін жеттік. Біздің ойыншылармен мақтанамын. Жеңіс - бұл тек ойын барысы. Ең бастысы - біздің жігіттер соңына дейін күресті. Немістер әділ жеңіске жетті.

Осылайша Алтын Германияға аттанды, күміс Аргентина құрамасында. Ойыннан соң құрама бапкері Алехандро Сабелла бұл финал Аргентина құрамасының ең үздік ойыны деп ағынан жарылды. Үздік үштікті Нидерланды қортындылады. Голландиямен қолаға таласқан мундиаль иесі Бразилия үшін осы біріншілік ең сәтсіз деп бағаланған. Есесіне 2002 жылы Бразилияға пентакампион атағын алып берген Луис Фелиппе Сколлари орнын босатты. Кезекті футбол мерекесін 2018 жылы Ресей қабылдайды.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ