Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда баспана салып жатқан 150 құрылысшы жұмысты тоқтатты

  • AstanaTV
  • 04 шілде 2014
  • 1927

Атырауда "Жас отбасыларға арналған мемлекеттік бағдарлама" аясында баспана салып жатқан 150-ге жуық құрылысшы наразы. Айтуларынша, алды жарты жылға жуық, кейінгілері екі айдан бері еңбекақы ала алмай жүр. Жалақы төлеуі тиіс бас мердігер мен қалалық құрылыс бөлімі бір-біріне сілтейді. Амалы таусылған жұмысшылар жұмысты тоқтатты. 

Жәния Саттарова, құрылысшы:

2 ай болды. Пәтерақысын төлей алмай отырмын. Менің артымда қанша жұмысшы отыр. Олар да менен ақша талап етуде. Мен жағдайым жақсылықтан кірген жоқпын құрылысқа. Күніне бәлен қапшық тасудың өзі. Хронический пиелонефритім бар. 1 квартираға 80 қап кетеді. Өзім тасимын.

Көп балалы отбасының жалғыз асыраушысы Жәния Саттарованың жанайқайы осы. Мамырда бригада құрып, қосалқы мердігер ретінде ішкі әрлеу-сылау жұмысын бастаған. Белгілі бөлігін бітіргенімен, бас мердігер жалақыны беруге асығар емес. Жиналғандардың бәрі Жәния секілді жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, 10 шақты құрылысшының басын біріктірген бригада жетекшілері.

Гүлмира Сармурзиева, құрылысшы:  

Офиске барамыз, есік тарс кілттеулі. Артымызда 10-15 адамнан бар. Әркімнің кредиті бар, төлейтін пәтерлерінің ақшасы бар.
Жасаймыз деп мойнымызға алдық, жылдамдатыңдар деді. Айтқан уақытынан бұрын бітірдік. Жасаған жұмыс актісі бар, келісімшарт бар, ЖК-пен алып отырмыз. 

Асхат Тұрдалиев, құрылысшы:

Келісімшартта 30 пайыз жұмыс жасаған соң, 30 пайыз ақша аудару керек деген. Біз 70 пайызын бітіріп тастадық, әлі жоқ.

Жағдайды түсіндірмек болған қалалық құрылыс бөлімінің басшысын құрылысшылар түтіп жеуге шақ қалды. Шендінің айтуынша, қаржы бас мердігерге уақытында аударылып отыр. Енді олар жұмысшыларымен өздері есептесуі керек.

Батыржан Мұсақаев, Атырау қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

Майда біздер жасалған жұмыс актісі бойынша ақшасын төлеп отырмыз, енді 200 миллионға жақын актісін алып келіп отыр, ішінде жасалмаған көп жұмыстар бар, нақты жасаған жұмысын алып келсін, біздер төлейміз.

Ал мердігер компания басшылығы керісінше, қалалық құрылыс бөліміне сілтейді. Жасалған жұмыс құжаттары құзырлы органға тапсырылған. Тіпті қаржыландырудың кешіккенін айтып, хат та жазды. Бірақ тапсырыс беруші мекеме үнсіз дейді.

Атанас Минков, «Амантас» ЖШС басшысы:

Қиыншылықтарға қарамастан жұмысты тоқтатқанымыз жоқ. Құрылыс материалдарын тасымалдаушылардан қарызға алдым. Жұмысшылар да ақша түседі деген сенімде болды. Құрылыс материалдарына 126 мың теңге қарызбын. Қалалық құрылыс бөліміне мамыр айында 210 млн, маусым айында 137 млн теңгенің жұмысы істелінді деген құжатты бердік. Олар әне-міне төлейміз деп уақытты созып жүр.

"Амантас" серіктестігі басшысының айтуынша, олардың құрылысты кәсіп еткеніне 14 жыл болған. Алайда бюджеттік тапсырманы алғаш орындап отыр. Мұндай мәселеге де бірінші рет тап болып отырғандарын айтады. Дегенмен, мына Нұрсая-2 мөлтек ауданындағы мемлекеттік бағдарлама аясында бой көтеріп жатқан үйлер, қыркүйекке дейін аяқталу тиіс.

Ресей және Қазақстан басшыларының қатысуымен өтетін форум кезінде қожайындарына тапсыру жопарланған. Алайда тараптар арасындағы кикілжің құрылыстың аяқталмауына әкеп соқтыруы мүмкін. Құрылысшылар жалпы мөлшері 35 млн теңгеге жуықтайтын жалақыларын толық алмай, жұмысқа кіріспейміз деп отыр. Бұдан әрі прокуратура мен сот органдарына шағымданбақ.

Базаргүл ІЗІМОВА