Русский Сайттың толық нұсқасы

"Нұр Отанның" сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының жобасы таныстырылды

  • AstanaTV
  • 08 шілде 2014
  • 1389

"Нұр Отан» партиясының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының жобасы таныстырылды. Құрамында белгілі заңгерлер мен сарапшылар бар арнайы құрылған жұмыс тобы құжатты бес ай бойы әзірлеген.

Аталған құжат қоғамдық кеселдің тамырына балта шабу мақсатында дайындалып отыр. Ол үшін еліміздегі билеуші партия жемқорлыққа қарсы қоғамның күшін жұмылдыруды көздейді. Таныстырылған жобада жемқорлыққа қарсы тәрбиені тіпті балабақшадан бастау керектігі тілге тиек етіліп, зиянды кеселдің салдарымен емес, себебімен күресу мәселесі қарастырылған. Бағдарлама қоғам, интернет пайдаланушылар, сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдар мен партия мүшелері тарапынан талқыланып, өзгерістер мен ұсыныстар енгізу үшін nurotan.kz ресми сайтында жарияланады.

Сондай-ақ 2025 жылға дейінгі сыбайлас жемқорлықпен қарсы күрестің жол картасы дайындалып, әр жыл сайын атқарылатын іс-шара алдын ала бекітіледі. Бағдарламаның орындалу барысы жыл сайынғы Мемлекет басшысына дайындалатын баяндамада көрініс табады. Осылайша, партия қоғамның жегі құртына айналған жемқорлықтың түбіріне балта шабуға білек сыбанып кіріскелі отыр.

Бауыржан Байбек, "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Ұсынылып отырған құжаттың басты мақсаты - нәтижесінде мемлекеттігіміздің үш тұғыры: алдымен азаматтарға қызмет ететін тиімді мемлекет, екіншіден, жауапты азаматтық қоғам, үшіншіден, экономикалық дамудың негізгі қозғаушы күші және азаматтық қоғамның тірегі мықты бизнес. Осы үшеуінің жауапты әрі заң жүзіндегі қарым-қатынасы салтанат құрған жағдайға жету.

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ