Русский Сайттың толық нұсқасы

ОҚО-да табылған көне Күлтөбе қаласын туристер тамашалайтын орынға айналдыру жұмыстары басталды

  • AstanaTV
  • 08 шілде 2014
  • 1592

Оңтүстік Қазақстан облысында табылған ең көне қала - Күлтөбені туристер қызыға тамашалайтын орынға айналдыру жұмыстары басталды.  Біздің дәуіріміздің  І-ші  және ІІ-ші ғасырларына тиесілі қалашық Түркістан қаласынан осыдан үш жыл бұрын табылған. Жергілікті билік  Күлтөбені мұражай қалашыққа айналдырмақ. Сол кезде келушілер ағаш баспалдақтар арқылы төменге түсіп, көне қалаға сапар шегеді дейді.

Сәулеттік пішіні анық көрінетін қалашықтан қазба жұмыстары кезінде мыс теңгелер, зергерлік бұйымдар  табылған. Тарихшылар сондай-ақ, түрлі аңдар мен құстардың суреті бейнеленген қыш сынықтары мен шырағдан тапқан. Археологтар енді оларды қайта жаңғыртуды көздейді. "Қазір қажетті қаржы есептеліп, сметалық жоба қолға алынды", - деді қала әкімі.

Бақытжан Әшірбеков,  Түркістан қаласының әкімі:

Қалаға келген туристерімізді енді біз қызықтырамыз тек қана тарихымызбен, ескі тарихымызбен, ескі жәдігерлерімізбен қызықтыра аламыз. Оларға осы біздің дәуірімізге дейінгі  І-ші ғасырдағы, ІІ  ғасырдағы  сол құрылыстармен танысып, сол жерлермен жүріп  өтулеріне мүмкіндік туындап отыр.

Әзірге тарихтан тәбәрікті мұқият сақтап қалу үшін ескі шаһардың  төбесі жабылып жатыр. Бұл үшін «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде өткен жылы 9 млн теңге бөлініпті. Археологтар әу-баста діни мақсатта салынған ғимарат  өте жақсы сақталғанын айтады.  Кемінде үш -төрт қабатты ғибадатхананың  қабырғалары өте берік.

Марат Тұяқбаев, «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайы археология және ескерткіштерді қорғау бөлімінің меңгерушісі: 

Орта Азияда бір жерде, Тараздың түбінде бір жерде шыққан. Сосын осы жерде. Төрт-ақ жерде шыққан. Бірақ ол жақтағылардың сақталған қалыңдығы елу-ақ сантиметр. Не екенін ешкім білмейтін тұғын. Бірақ отқа табынушыларға байланыстыратын. Ал біздің құрылысты көріп отырсыздар, биіктігі төрт метрде асып кетіп отыр.  Бұл бір-ақ қабатының құрылысы. Осындай үш қабат болған деп жобалаймыз. Осыған ұқсас құрылыстың суреті ...Эрмитажда тұр.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ