Русский Сайттың толық нұсқасы

ЕАЭО аясында бірегей энергетикалық жүйе қалыптастыру 2019 жылы аяқталады

  • AstanaTV
  • 09 шілде 2014
  • 1091

Еуразиялық экономикалық одақ аясында бірегей энергетикалық жүйе қалыптастыру 2019 жылы аяқталады. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен арнайы брифингте осы жұмыстарды үйлестіру комиссиясының мүшесі Даниал Ахметов хабарлады. Еуразиялық одаққа мүше үш мемлекетке ортақ энергетикалық нарық құру тұжырымдамасын жасау қолға алынып отыр. Ал 2015 жылдың ортасына қарай бұл құжат Қазақстан, Ресей және Беларусь президенттерінің мақұлдауына жіберіледі.

Даниал Ахметовтің пайымынша, аталған тұжырымдама әлемдік дамыған елдердің тәжірибесіне сүйеніп жасалады. Тиісінше әр мемлекеттің өзіндік ерекшеліктері мен мүдделері де ескерусіз қалмайды. Бұрынғы Кеңестік жүйенің шекпенінен шыққан үш мемлекеттің энергетиканы игеру технологиялары өте ұқсас. Ендеше бірегей энергетикалық нарық құру жоспарына кедергілер болмауы тиіс. Сондай-ақ, үш елдің экономикасына оң ықпал ететін тағы бір сала - мұнай және газ секторы. Ал ортақ газ және мұнай инфрақұрылымын жасау үшін 2025 жылға дейін мерзім белгіленіп отыр.

Даниал Ахметов, Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі Еуразиялық экономикалық комиссияның алқа мүшесі:

Үш жақты келісім-шарт негізінде 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін бірегей газ және мұнай нарығын құрудың тұжырымдамасын дайындауға тиіспіз. Сосын 2018 жылға дейін арнайы бағдарлама бекітіледі. Ары қарай ешқандай кедергі болмаса, 2025 жылы газ бен мұнай секторының ортақ нарығын қалыптастыратын халықаралық келісім-шартқа қол қойылады деп жоспарлап отырмыз.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ