Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкенттегі біздің дәуіріміздің І-ІV ғасырына тиесілі «Патшалық» қорғанының жойылып кету қаупі бар

  • AstanaTV
  • 09 шілде 2014
  • 1302

Шымкенттегі "Патшалық" қорғанының жойылып кету қаупі бар. Оны сақтай алмасақ, осыдан екі мың жыл бұрынғы тарих ашылмай қалуы мүмкін. Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының директоры, археолог Бауыржан Байтанаев осылай деп дабыл қақты. Өйткені біздің дәуіріміздің І-ІV ғасырына тиесілі төбешік маңына құрылыс жұмыстары қызу басталып кеткен. Мән-жайды Айзада Төребекқызы анықтауға тырысты.

Мынау бір кезде "Патшалық" қорған болған аумақ. Бұл жер Кеңестік кезде мемлекет қорғауына алынған. Археологтың сөзімен айтсақ, заң бойынша тарихи орынның маңайындағы 250 метр жерге дейін бір де бір құрылыс салынбауы керек. Алайда, көріп тұрғанымыздай, қорғанның тап іргесінде қазандық қазылып жатыр. "Жер астында әлі ашылмай жатқан талай тарих, талай жәдігер шынжыр табанның астында құрып кетті ме", - деп күйінеді археолог.

Бауыржан Байтанаев, Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының директоры:

Бұл жерде екі мың жыл бұрын қорған болған. Одан кейін мың жылдан кейін қарауыл төбе салынған. Сөйтіп екі қабатты бұл археологиялық ескерткіш. Бұл жерде ешқандай құрылыс жұмыстарын жүргізуге болмайды. Тиым салынған заң бойынша. Құрылыстар тек қана археологиялық қазбалардан кейін немесе өкіметтің арнаулы қаулысынан кейін салуға болады.

Журналисттік зерттеу барысында анықтағанымыздай, бұл жерде «Сауда орталығы» салынбақшы. Жеке кәсіпкер мемлекет қорғауындағы жарты гектар жерді терең қазып, іргетастың қамына кіріскен. Жер телімін 2007 жылы сол кездегі қала әкімнің қаулысымен алыпты. «Патшалық» қорғанның маңында кемінде осы секілді он екі меншік иесі бар көрінеді. Бұл қаланың бас сәулетшісі айтқан мәлімет. Барлығы да жерді 2007-2010 жылдары иемденген. "Алайда бұл заңға томпақ болғандықтан, құрылыс жүргізуге ешқандай рұқсатын бермей отырмыз", - деді бас сәулетші Нұрлан Архабаев. Бірақ меншік иесі өзге жолын тауып құрылысты бастап кеткенін айтты.

Нұрлан Архабаев, Шымкент қаласының Сәулет және қала құрылысы бөлімінің жетекшісі:

Енді біз қазір ертерек үлгеріп бара жатсақ, біз енді егжей-тегжейлі жобамызды бекітіп алсақ, біз бірден ұсыныс береміз құрылысты тоқтатуға. Сонан кейін барып жерді мемлекетке қайтаруға. Себебі, бұл аумаққа біз қазір айтып жатырмыз сол, өзі бір кішірек угольник. Тіпті, магистраль көшенің бойы болуына байланысты, ол жерді біз «зеленая зона» болса, деп едік те, сквер сияқты.

Қорғанға қатысты дабылдан жергілікті шенеуніктер де құлағдар. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, 2007 жылы шыққан шешімдердің заңдылығын тексеруге тапсырма беріліпті. "Егер де заңсыз екені дәлелденсе, құрылысты тоқтату туралы шешім қабылданады", - деді әкімнің орынбасары.

Бахадыр Нарымбетов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:

Қала әкімдігі осы Марғұлан атындағы Археологиялық институтының басшысы айтқан пікіріне толық қосылып отыр. Мемлекет қорғауындағы тарихи ескерткіштердің қасында және де оның үстінде ешқандай құрылыс жұмыстарын жүргізуге болмайды. Және де бұл жер жеке меншікке берілуі заңсыз деген, қазір біз сондай ұстанымды ұстап отырмыз. Егер осыны заң бөлімі дәлелдесе, біз әрі қарай соттасатын жағдай болады, оны мемлекеттің меншігіне қайтаратын.

Ал археологтар тездетіп қазба жұмыстарын бастауға ниеттеніп отыр. Егер «Патшалық» қорғанның тарихи маңыздылығы жоғары деп табылса, бұл аумақты түгелдей қорғауды жалғастыра бермек.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ