Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте шыны бұйымдарын шығаратын зауыт ашылды

  • AstanaTV
  • 10 шілде 2014
  • 2163

Шымкентте шыны бұйымдарын шығаратын арнайы зауыт ашылды. 2,3 млрд теңгені құрайтын жоба индустрияландыру картасы шеңберінде іске асып отыр. Кәсіпорын жылына 70 млн дана шыны ыдыс шығаруға қауқарлы. Қазір мұнда 150 адам жұмыспен қамтылған.

Айта кетейік, Қазақстанда шыны шығаратын екі кәсіпорын бар. Соның бірі осы зауыттың ерекшелігі - жаңа технологиямен жабдықталған. Зауыт басшыларының айтуынша, қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында тартылған. Сондай-ақ, несие бойынша да мемлекеттік қолдау көрсетіліпті. "Екінші деңгейлі банктен алынған несие жылына бар болғаны 7 пайызбен беріліп отыр", - деп атап айтты өңір басшылары.

Зауыт швейцариялық компанияның соңғы үлгідегі жабдықтарымен қамтылған. Бұл технология толығымен автоматтандырылған және онда ақауларды анықтайтын сканер орнатылған. Шыны зауыты «Оңтүстік» индустриалды аймағында іске асқан 32-жоба. 

Рустам Сухов, зауыттың бас директоры:

Зауытымыздың бір ерекшелігі - кез келген түстегі шыныны шығара аламыз. Түрлі пішінде жасаймыз. Тағы бір айта кетерлігі, ақауы бар өнім қайта өңделіп, шикізат ретінде қайта қолданылады, яғни өндіріс - қалдықсыз.

Сапарбек Тұяқбаев, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:

Қазақстанда қазіргі таңда 1 миллиардқа жуық шыны ыдыстар импортталады. Бұл сыра зауыттары болсын, консерві зауыттары, фармацевтикаға дейін. Мына алғашқы зауыттардың бірі осы. Әрине, бұның қуаттылығы 15 пайыз ғана қамтамасыз ете алады Қазақстанды. Келешекте бұдан басқа біздің облыста тағы осындай екі шыны ыдыстар зауытын жоспарлап отырмыз. Біреуінің құрылысы жүріп жатыр. Екіншісі жоспарлануда.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ