Русский Сайттың толық нұсқасы

Мәжілісмендер: Мектептердің 56%-да оқу бағдарламасын қайта қарау қажет

  • AstanaTV
  • 11 шілде 2014
  • 1200

"Мектептердің 56%-да оқу бағдарламасын қайта қарау қажет. Білім сапасы тиісті стандартқа сай емес". "Мәжіліс депутаттары мен «Нұр Отан» партиясының мүшелері осындай тоқтамға келді", - деп жазады "Айқын" газеті. Мақаладағы деректер бойынша, шағын мектептерге жұмсалатын қаржы жалпы білім ошақтарына қарағанда, 3 есе көп.

Мәселені зерделеу мақсатында депутаттар Гүлнар Ықсанова мен Надежда Петухова «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалы басшылығымен Ростовка кентіндегі ресурстық орталыққа ат басын бұрған. Жақында Әлеуметтік-мәдени даму комитетіне түсетін «Білім туралы» заң жобасында ресурстық орталықтардың қызметіне ерекше көңіл бөлінген.

Депутаттардың айтуынша, білім саласындағы жағдаймен етене танысу заң жобасын сапалы жасауға кепілдік береді. Сондай-ақ, Надежда Петухова «ауылдарда оқулық жетіспейтінін, бір мұғалім бірнеше пәннен сабақ беріп жүргенін, әртүрлі сынып оқушыларын тар кабинетке жинап оқыту деректері де болып тұратынын" жайып салды. Депутаттар сапардан түйген ойларын «Білім туралы» заң жобасын қарау барысында талқыға салмақ.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА