Русский Сайттың толық нұсқасы

Жамбыл облысы Қордай ауданына қырғыз жақтан келетін су мөлшері тағы азайған

  • AstanaTV
  • 15 шілде 2014
  • 1511

Жамбыл облысы Қордай ауданының дихандары қырғыздардан тағы қысым көріп отыр.Шілденің шіліңгір ыстығында  көршілеріміз су қоймасындағы судың азайғанын сылтауратып ағын суды тоқтатты. Салдарынан  қырғыз жақтан келетін су мөлшері кей жерлерде 7 текше метрге дейін азайған. Ал жуырда ғана  облыс әкімі қырғыз тарапымен  тіршілік нәрін тиісті мөлшерде  алу туралы келісімге қол қойған болатын. Бірақ  оның  пайдасын шаруалар көре алмай отыр.  

Соңғы келісімге сәйкес Қырғызстан Жамбыл жеріне секундына 18-19 текше метр су жіберуге тиіс еді. Жамбыл облысы әкімі мен Қырғыздың Шу облысының губернаторы өткен айда ғана осындай мәміле жасасқан. Бірақ айырқалпақты ағайын сөзінде тұрмады. Жылымшылап аққан судың жарытымсыздығы сонша, аңқасы кепкен  алқаптарға жетпей жатыр.

Әкімдік қордаланған мәселені арна басындағы апат деп, жылы жапқанымен қырғыздардың уәжі басқа. Сөздеріне сенсек, ерте көктемде көршідегі Шу облысының екі ауданы сусыз қалған. Ал қазір алты бірдей аудан тіршілік нәрінен тапшылық көру үстінде.

Қырғыздар су қоймаларындағы судың 70 пайызын жаз басталмай жатып, жұмсап қойған. Мәселен, «Орта-Тоқай» су қоймасының көлемі 485 млн текше метр су жинайды десек, ертеңгі күні мұнда қасық су да қалмайын деп тұр. Енді, қырғызға сенсек, Қазақстанның оңтүстігіне қуаңшылықтан қурап кету қаупі төніп тұр.  

Данияр ӘЛІМҚҰЛ