Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарлық дәрігер балалардың сал ауруын емдеудің тәсілін ойлап тапты

  • AstanaTV
  • 15 шілде 2014
  • 1082

Павлодарлық  дәрігер балалардың сал ауруын емдеудің бірегей тәсілін ойлап тапты. Үш режимнен тұратын кешенді ем барысында балғындар адымдап жүруді кезең-кезеңімен үйренеді. Жарты жылда аяқтарын басуды меңгерген кішкентай пациенттер болашақта өз еркімен қозғалатындарына сенімді. Сәбилерді жаттықтыратын әмбебап құрылғымен аймақтағы тілшіміз Әсемгүл Мұхитқызы танысып қайтқан еді. 

Қос аяғымен жер тіреп, нық қадам жасауды үйренген мына бүлдіршін бұған дейін қозғала алмайтын. Жаттығудың нәтижесінде тәй-тәй басуға жарап келеді. Церебральді сал ауруына шалдыққан балғындарды аяғынан тік тұрғызуды мақсат еткен Александр Мякота өзі ойлап тапқан емдеу тәсілінің тиімді боларына сенеді. Кешенді ем-шара негізінде  реабилитологтың  еңбегі оң нәтиже көрсетуде.

Александр Мякота, реабилитолог:

Костюм - пациенттің тірек мүшелеріне күш түсіруге икемделген. Және тұлғасын тік ұстауға үйретеді. Ал үздіксіз жүргізілетін қадамдар аяқты жүруге дағдыландырады. Жаттығу кезінде бірнеше мыңға дейін адымдаған пациент өз еркімен жүруге үйренеді.

Бауыр еті баласының қатарынан қалмауын армандаған жанның бірі - Людмила Докучаева. Бес жасар ұлын орталыққа бір жыл бұрын әкелген. Бағасы қалтаны қаққанын жасырмайды. Бірақ көп ұзамай көзге көрінген жағымды нәтиже ана шешімінің дұрыс болғанын дәлелдеп берген.

Людмила Докучаева, Павлодар қаласының тұрғыны:

Алғашқы қадамды біз жарты жылдан кейін жасадық. 2 қадам болатын. Сол кезде қуанғаннан, жылап едік. Қазір 15-16 қадам жасаймыз. Біз үшін бұл жақсы нәтиже. Мектепке дейін балам жүріп кетеді деп сенемін.

Оң нәтижеге 5 жасар Мариян да мәз. Дәрігерлердің айтуынша, бар жаттығуды тыңғылықты орындауға тырысады. Шаршаса да, білдірмеуге тырысады. Өйткені оның бар арманы - мектепке өз аяғымен бару.

Жуырда керекулік кішкентай пациенттер өнертапқыштың тағы бір қондырғысын сынап көрмек. Бұл тренажер балғындарға бір аяғындағы салмақты екінші аяққа ауыстыруды үйрететін болады.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ