Русский Сайттың толық нұсқасы

11 мың қазақстандық Түркияда тынығу мүмкіндігінен айрылуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 16 шілде 2014
  • 1380

11 мың қазақстандық Түркияда тынығу мүмкіндігінен айрылуы мүмкін. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері осылай деп отыр. Гәптің бәрі түріктің "Atlas Jet" әуе тасымалдаушысына тіреліп тұр. Қазақстан мен Анталия арасында қатынап жүрген әуе компаниясы жұмысын уақытша тоқтатқан.

Бұған біздегі "Гүлнәр тур" туристік операторының қатысы бар екендігін кешегі жаңалықтарымызда хабарлаған болатынбыз. "Atlas Jet"-тің әуе билеттері қазан айына дейін сатылып қойған. Сондықтан заң бойынша компания қазақстандық жолаушыларды тасымалдауға тиіс дейді кәсіпкерлер палатасының өкілдері.

"Жауапкершіліктен жалтарып жүрген "Атлас Джет" те, жағдайды ушықтырып жіберген біздегі мемлекеттік органдар да қашып құтылмайтыны анық. Өйтпегенде тұрақты тасымал жүргізуді қамтамасыз етеміз деп уәде берген «Atlas Jet Airlines» әуе компаниясына берілген рұқсатты қайтарып алу керек", - дейді палата өкілдері.

Гүлнәр Құрбанбаева, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары:

Тиісті мемлекеттік органдарды жауапкершілікке тарту үшін, құқық қорғау мекемелеріне шағымданамыз. Тіпті халықаралық азаматтық авиацияға да хат дайындаймыз. «Атлас Джет» әуе компаниясын өзіне тиісті шарттарды орындатуға барымызды саламыз. Не болмаса, олардан ұшуға берілген рұқсатты қайтарып алуымыз керек.

«Гүлнәр тур» компаниясына байланысты әзірге жаңа мәлімет жоқ. Палата өкілдері "оның директорымен байланысқа шыққан адамға сыйақы береміз" деп те қалжыңдайды. Болжам бойынша, Әли Исмаилов жалған құжатпен шетел асып кеткен. "Ірі оператордың абыройы айрандай төгілгендіктен, ұлттық туроператор міндетін біз атқаруға дайынбыз", - дейді Гүлнәр Құрбанбаева.

Гүлнәр Құрбанбаева, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары:

Кәсіпкерлердің Ұлттық палатасы ірі ұлттық оператор болуы ықтимал. Бұл сұрақтың бүгінде басы ашық болғанымен, қызу талқыға салынуда.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА