Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстандық дипломаттар Лондон билігіне 2 млн фунт стерлингке жуық ақша қарыз болып қалған

  • AstanaTV
  • 16 шілде 2014
  • 1056

"Қазақстандық дипломаттар Лондон билігіне 2 млн фунт стерлингке жуық ақша қарыз болып қалған",- деп жазады Daily Mail. Ұлыбритания астанасындағы орталық көшелердің ақылы бөлігінде көлікпен жүргені үшін бірқатар елшіліктердің, дипломаттық миссиялар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері 75 млн фунттай берешек көрінеді. 

Төленбеген сома соңғы 10 жылдың ішінде қордаланып қалған. Ережеге сәйкес, дүйсенбі мен жұма аралығында таңғы сағат 7-ден кешкі 6-ға дейін ақылы бөлікке кірген әр көліктен 10 фунт стерлинг өндіріледі. Қарыз көлемі 60-тан 180 фунттың аралығына жеткенде, айыппұл тағайындалады. 

Айыпкерлердің «аты аталып, түсі түстелген» тізімнің басында Америка Құрама Штатының елшілігі тұр. 2013 жылдан бері бұл ұйымның қызметкерлеріне 70 мыңға жуық айып салынған. Берешектің көлемі 8 млн фунтты құрап отыр. Екінші орында Жапония келеді, қордаланған сома бес жарым млн фунт. Одан кейінгі кезекте 5 млн фунттық қарызымен Ресей Федерациясы. Көршілес елге салынған айыптың саны да салмақты - 44 мың. Ал қазақстандық дипломаттар 10-сатыға тұрақтаған. Біздікілердің қарызы 2 млн фунтқа жуықтаған. 

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ