Русский Сайттың толық нұсқасы

Мәскеу метросындағы апатқа кінәлі деген күдікпен екі адам ұсталды

  • AstanaTV
  • 16 шілде 2014
  • 1375

Мәскеу метросындағы апатқа кінәлі деген күдікпен екі адам ұсталды. Бұл жөніндегі ақпарат Ресей тергеу комитетінің ресми сайтында жарияланған. Ал оқыс оқиға салдарынан қаза болғандар саны 22 адамға жетті. Мұндай деректі Ресей астанасының денсаулық сақтау департаменті таратуда. Ведомство басшысының орынбасары Алексей Хрипунның айтуынша, 20 адам оқиға орнында көз жұмған. Ал екеуі ауруханада ажал құшты. Бүгін Мәскеуде қаралы күн.
 
Тұрғындар "Жеңіс саябағы" және «Славян бульвары» станциялары маңына гүл әкеліп жатыр. Апат орнында құтқару жұмыстары жалғасуда. Онда бірнеше жедел жәрдем бригадасы кезекшілік атқарып жүр. Ресей тергеу комитетінің мәліметіне сай, апатқа жол бұрушы механизмнің сапасыздығы себеп болуы мүмкін. "Мәскеу метрополитені" кәсіпорнының жол шебері мен көмекшісі күдікті ретінде ұсталды",- деп хабар таратты аталған ведомствоның баспасөз қызметі.

Еске салайық, кеше Мәскеу метросында ірі апат болды. Қайтыс болғандардың арасында шетелдік азаматтар да бар деген ақпарат ғаламторды шарлап кетті. Ал күні кеше еліміздің Сыртқы істер министрлігі қаза болғандар арасында қазақстандықтардың жоқ екенін хабарлаған.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА