Мысырдың Таяу Шығысты ымыраға шақыру әрекетінен нәтиже шықпады. ХАМАС
Израильді әуеден шабуылдауды тоқтатар емес. Алғашқы алты сағатта содырлар
Израиль аумағына 50-ден аса зымыраннан оқ жаудырған. Ал еврей билігі ХАМАС қозғалысына
қарсы бағытталған «Берік жартас» операциясын ұстап тұру жайлы бұйрық беруге
мәжбүр болды. Биньямин Нетаньяху әскери операцияны жалғастырудан өзге амалымыз
жоқ деп отыр. Қақтығыс кезінде Израиль әскері бір сарбазды жоғалтты. Ал Палестинада адам шығыны 200-ден асады.
Палестина мен Израиль арасында тұтанған соғыс өрті өршіп барады. Каирдің
жоспарына сай екі тарап кешкі сағат 9-дар шамасында қақтығыстарды тоқтатып,
газды секторын босатуы керек-тін. Тель-Авив шартты бұзбады. Ал ХАМАС содырлары
болса сөзінде тұрған жоқ. Салдарынан Израиль үкіметі ымыраға орын жоқ деп
кесті.
Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:
Мәселені дипломатиялық жолмен шешсек дұрыс болар еді. Мысырдың жоспары
орындалғанда, арадағы алауыздық бейбіт жолмен тынар деген үмітте болдық. Алайда ХАМАС бізге әскери операцияны жалғастырудан өзге амал қалдырмады.
Авигдор Либерман, Израиль сыртқы істер министрі:
Бізде Газаны жаулап алып, оны мекен ету деген ой жоқ. Бірақ Израиль
азаматтарын қорғау міндетіміз. Осы орайда халықаралық қолдауға зәру екенімізді
ашық айтамыз.
Израиль азаматтарының көпшілігі Газа секторына әскер кіргізуді қолдайды.
Бұған қоса Тель-Авив халықаралық аренада беделін біршама көтерді. Өйткені
Израиль түйткілді бейбіт түрде тарқату үшін барын салуға тырысқан.
Франк Вальтер Штайнмайер, Германия сыртқы істер министрі:
Егер екі жақ ымыраға келген болса, қақтығыстар тек уақытша тоқтар еді.
Дегенмен бұл келісім жүргізудің жалғыз мүмкіндігі. Хамас бітімге келуге сөз
жүзінде ғана емес,іс жүзінде де келісу керек.
Айта өтейік, ХАМАС бітімге келу үшін, алдымен ішкі жағдайды ретке келтіру
керек. Мұндағы саяси және әскери басшылықтың бір-бірін елеп жатқаны шамалы.
Әрине, әскерилер басым түсуде. Бүгінде Ирандық зымырандар Израиль аумағының 70
пайыз жерін бақылауда ұстап тұр. Бірқатар сарапшылардың пікірінше, екі ел
арасында тұтанған бұл жолғы текетірес тынған күнде де, кейін қайта жанданады.
Өйткені Израиль мен Палестина арасында алауыздық оты бұған дейін сан рет
ушыққан.
Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА