Русский Сайттың толық нұсқасы

Спиртті ішімдік сатпау туралы заң қалай жүзеге асып жатыр?

  • AstanaTV
  • 16 шілде 2014
  • 8175

"Ішімдік сатылымына шектеу қою табысымызды төмендетті". Шағын дүкен иелері осылай деп дабыл қағуда. Сорақысы сол, спиртті өнімдерді түнгі мезгілде саудалайтындар әлі де бар. Бұған арнамыздың тілшілері куә болды. Айта кетейік, алкогольді өнімдердің айналымы туралы жаңа заң 18 маусымнан бастап күшіне енген. Шектеу уақыты 15 сағатқа тең. Яғни кешкі сағат 9-дан бастап келесі күні сағат күндізгі 12-ге дейін сатуға болмайды. Бірақ жаңа ережені қолдамайтындар да бар.

Сатушыларға аса мынау кешке ыңғайлы емес. Өйткені қонақ немесе ішетін адам келіп қалған кезде әңгімелері де дұрыс болмайды, сосын сатушыларға да қарым-қатынасы дұрыс болмайды.

Пернеш Әбдікәрімова шағын дүкенін дөңгелетіп отырған кәсіпкер. Өзі арақ ішуге қарсы, дегенмен жаңа заң шыққалы қалтасы қағыла бастағанын жасырмайды. Мұндағы табыстың 30-40 пайызы алкогольді тауарға тиесілі. Уақытты шектегенмен, мәселе шешімін таппайды, ішімдік ішу немесе ішпеу әркімнің санасы мен тәрбиесіне байланысты дейді.

Бізде идеология мықты болу керек. Баланы бесіктен демекші, кішкентай кезінен баланы үйден, балабақшадан, ары қарай мектепте, солай кете беру керек деп ойлаймын.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, ащы судың зардабынан әлемде жыл сайын 2 жарым миллион адам көз жұмады. Оның 9 пайызы жастар. Ал еліміздегі қылмыстың 45 пайызы ішімдік салдарынан болады екен.

Статистикалық мәліметтерге көз жүгіртсек, соңғы жарты жылда елімізде коньяк өндіру 34 пайызға өскен. Ал сыра қайнату көлемі үш пайызға артқаны байқалады. Арақ 24 пайызға аз өндірілген. Есесіне, әрбір қазақстандық жылына 11 литр ащы су ішеді. Еліміз 188 мемлекеттің арасынан 34 орынға тұрақтап, Орта Азиядағы "тұрғындары ең көп ішетін ел" атанды. Отандастарымыздың жаңа ережеге қатысты пікірі екіге жарылып тұр. Біреулері осылай етсек, алкогольді сусынға құмарлардың қатары азаяды десе, екінші біреулер бұған келіспейді.

Жастар көбінесе кешкі уақытта алады ғой, шарап нелердің бәрін. - Қонақ күткенде дастарханға қоймайсыз ғой? - Жоқ. Қымыз бар, шұбат бар, жетеді сол.

Мен бұдан нәтиже болады деп ойламаймын. Ішетін адам бәрібір жолын табады.


Жаңа заңға саудагерлер қаншалықты құлақ асуда? Соны білмекке кешкі сағат 9-дан соң дүкен аралауға шыққан едік. Байқағанымыздай, заңдылықты ірі супермаркеттер сақтап тұр. Касса маңына ішімдік сатуға тиым салынғаны жайлы хабарламалар ілініпті. Сатушылар да кешкі уақытта арақ-шарап сатуға құлықсыз. Бірақ кәсіпкерлердің барлығы заңға бағынады деп айту қиын.

Қазір кешкі сағат 9:35. Мен Желтоқсан көшесіндегі мына дүкенге кіріп сатушыдан арақ, коньяк сұрап көрем. Көреміз, сатушылардың жаңа заңды қаншалықты сақтап жатқанын. -

Сәлеметсіз бе! «Қазақстан» коньягы қанша тұрады? -0,5 литрі 800, 1 л 1100 теңге-Жарайды маған «Қазақстан» коньягын беріңізші. -Мен 9-дан соң ішімдіктер сатпайды деген жаңа заң шықты деп естіп, бере ме, бермей ме деп келіп едім. Сіздер естімедіңіздер ме? -Жоқ, ондай уведомление келген жоқ. Міне сағат 10-дар шамасында 2-3 минуттың ішінде 40 градусты коньяк сатып алып шықтым.

Алкогольді өнімдерге қатысты қандай да бір шектеулерді қоғамның қинала қабылдайтынын тәжірибе көрсеткелі қашан. Бірақ заңның аты заң. Ол орындалуы керек. Айта кетейік, бұдан былай ішімдікті білім, денсаулық сақтау, спорттық сауықтыру орындары мен жанармай құю бекеттері аумағында сатуға да тиым салынады. Ал 21 жасқа толған азаматтарға арақ сатқан кәсіпкер айыппұлды екі есе көп төлейді.

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ