Русский Сайттың толық нұсқасы

Ғимаратты иесіз деп тану туралы әкімдік шешімін Қостанай соты жарамсыз деп таныды

  • AstanaTV
  • 17 шілде 2014
  • 1945

Ғимаратты иесіз деп тану туралы әкімдіктің талабы орынсыз. Қостанай қалалық соты атқарушы биліктің бұған қатысты талап-арызын қанағаттандырған жоқ. Билік өкілдері аймақтағы Киев кентінде орналасқан апатты  жағдайдағы жекеменшік ғимаратты меншік иелігінен айыруды сұраған.  

Жартылай бұзылған ғимарат мектеп пен тұрғын үйлерге тым жақын орналасқан. Қоқыс-қалдықтар тасталатын алаңға айналған бұл нысанға үй-күйі жоқ қаңғыбастар көптеп жиналады. Қабырғасы шытынап, іргетасы сөгілген көне ғимарат төрт жылдан бері қаңырап бос тұр. Әйтсе де, әкімдік өкілдері бұл нысанды өз еркімен бұза алмайды. Өйткені ғимараттың қожайыны бар. Ол тіпті осы мүлкін  кепілдікке қойып, банктен 9 миллион теңге көлемінде несие де алған. 

Алмаз Ерғалиев, Қостанай қалалық сотының судьясы:

Ғимарат 5 жарым миллион теңгеге бағаланған. Оған қоса жер телімі тағы бар. Сондықтан  кепілдікте тұрған мүлікті жекенің иелігінен қайтарып алу мүмкін емес. Жер телімі жойылған деп те үкім шығара алмайсың. Ал апатты жағдайда екенін дәлелдеу үшін мамандардың тұжырымдамасы керек. Сондықтан қалалық әкімдіктің талап-арызы қанағаттандырылған жоқ.

Бүгінде нысанды «апаттық жағдайда» деп тану үшін, арнайы іс-шаралар жүргізіліп жатқан көрінеді. Онымен сот орындаушылары айналысуда. Мүлікті бағалаушылар болса, ғимараттың елу пайызы бұзылған деген баға беріпті. Әкімдік өкілдері бұл мәселеге қатысты түсінік беруге асықпай отыр. Тілшілерімізбен телефон арқылы тілдескен олар тек сотқа тағы да жүгінетінін мәлімдеді. 

Заңғар САНАЙ