Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанға жалған дәрі-дәрмек келу қаупі белең алуда

  • AstanaTV
  • 17 шілде 2014
  • 2002

Қазақстанға сырттан жеткізілетін дәрі-дәрмектердің 1500-дей түрі, яғни барлық препараттың бестен бірі сапа мен қауіпсіздік тексерісінен өтпеген. Мұндай мәліметті еліміздің бас дәрігері Салидат Қайырбекова келтірді. Қазақстан медициналық препараттардың 70 пайызын сырттан алады.

Соңғы 3 жылда импорттық өнімнің 97 партиясы, немесе 1 миллион 300 мыңнан астам қаптамасы контрафакт деп танылып, дәріхана сөрелеріне жіберілмеген. Тағы бір өзекті проблема - азаматтардың дәрі-дәрмекті өз бетінше қолдануы.

Салидат Қайырбекова,  ҚР Денсаулық сақтау министрі: 

Өкінішке орай, тұрғындарымыз ғаламтор арқылы дәрі-дәрмек сатып алуға әуес. Зерттеулер қорытындысы қазақстандықтардың 42 пайызының препараттарды жарнамаға сүйеніп алатынын анықтады. Ең сорақысы - әрбір екінші азамат дәрі-дәрмекті өз бетінше қолданады, сондай-ақ күшті антибиотиктерді дәрігердің кеңесінсіз ішеді.

Сапасыз медициналық препараттар проблемасы түбегейлі шешілетін күн алыс емес. 2015 жылы Қазақстан дәрілік заттардың сапасын бақылайтын ресми зертханалардың Еуропалық желісіне қосылады деп жоспарланып отыр. Министрдің сөзінше, бұл халықаралық ұйымда жалған медициналық өнімдер жайлы да ақпарат болатын көрінеді. Осылайша нарықты сапасыз дәрі-дәрмекпен толтыруға тосқауыл қойылмақ.

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен брифингке ұлттық  Кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов те қатысты. Жуырда ғана Астанада өткен кәсіпкерлердің алғашқы съезінде көтерілген мәселелердің жүзеге асырылуы бойынша Үкімет отырысында қабылданған шешімдер жайлы әңгімеледі.

Абылай Мырзахметов,  Қазақстанның ҰКП басқарма төрағасы:

Премьердің орынбасары Сұлтановқа тапсырылды, осы күз айында салық кодексіне өзгертулер енгізіліп, келесі жылдың бірінші қаңтарынан бастап бұл норма кіреді де, 2013 жылға дейін жиналған штрафтар немесе салық саласының салынған айыппұлдарының барлығы кешіріліп амнистия болады.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ