"Малайзияның
жолаушылар ұшағын Ресейге жақтас лаңкестер атып құлатуы мүмкін". Бұл
ақпаратты террористердің сөзін жазып үлгерген Украина қауіпсіздік қызметі
таратты. Ал Ресей басшылығы апатқа Украина жауапты деп мәлімдеді. Бортында 298
адамы бар «Боинг 777» әуе кемесі Украина уақытымен кеше күндізгі сағат төрт
шамасында радардан жоғалып, кейін оның қалдықтары Донецк облысының Снежное
ауылы маңынан табылды. Ұшақта тоғыз елдің азаматтары болған. Барлығы оқиға
орнында көз жұмды.
Әлем халқын түршіктірген алапат апат орнынан алынған эксклюзивті кадрлар
ғаламторда жүр. Жолы болмаған «Боинг 777». Бортында бейбіт тұрғындары бар
ұшақты атып жықса да, жауапкершілікті ешкім мойнына алғысы жоқ. Украинаның
қауіпсіздік қызметі Донецк казактарының әңгімесін жазып үлгерген. Олар
азаматтық ұшақты атып құлатқанын баяндап жатыр.
Что
там? Короче, сбили гражданский борт. -Народу много там? - Да, обломки
везде.
Баспасөз
мәслихатын өткізген Украина қауіпсіздік қызметінің басшысы жазбада Ресей
әскерилерінің даусы барын мәлімдеді.
Валентин
Наливайченко, Украина қауіпсіздік қызметінің бастығы:
Бұл
жазбадағы Ресей Федерациясы қарулы күштеріндегі екі офицердің сөздерін бұдан
ары да зерттейміз. Олар талқылап жатқан мәселе өте маңызды.
Апат
Донецк аумағында орын алғанымен, өз тәуелсіздігін өзі жариялаған республика
өкілдері қолымызда биіктегі ұшақты құлататындай қару жоқ деп азар да безер.
Александр
Захарченко, Донецк халық республикасының өкілі:
Мен
бір нәрсені сеніммен айта аламын. Донецк Республикасында 10 мың метр биіктікте
ұшып бара жатқан ұшақты атып құлатуға техникалық мүмкіндік жоқ.
«Информационное
сопротивление» атты топ Снежное ауылы маңында ұшақты атып құлатқан «Бук»
ғарыш-зымыран кешені мен әскерилердің тізіліп бара жатқан сәтін суретке түсіріп
үлгерген. Ал Ресей басшысы бүгін мәлімдеме жасап, жауапкершілікті Украинаға
аударды.
Владимир
Путин, Ресей Федерациясының президенті:
Аумағында апат орын алған ел қайғылы жағдайға жауапты.
Егер Украинада бейбіт өмір болса, тым болмаса елдің оңтүстік шығысындағы әскери
әрекеттер қайта басталмағанда, мұндай сұмдық орын алмас еді.
Ресей
жағы "бұл Путинге жасалған қастандық әрекет" деп те жазды.
«Росавиациядағы» дереккөздеріне сүйенген ақпарат құралдарына сенсек, Ресей
басшысының ұшағы Украинаның әуе кеңістігінен сол уақыт аралығында ұшып өткен.
Ал Украина президенті Петр Порошенко апатты лаңкестік әрекет деп бағалады.
Батыс басылымдары бір ауыздан "бұл Ресейдің ісі" деп жарыса жазып
жатыр.
Хиллари
Клинтон, саясаткер:
Нөмірі
бірінші сұрақ. Ұшақты кім құлату мүмкін? Кімде ондай қару бар? Оның
ғарыш-зымыран кешені екені анық. Бұл апаттың артында Ресей жасақтары тұр деген
сенім арта түскен сияқты. Нақты айту үшін сараптама керек. Қолымызда қайғылы
жағдайдың себебін көрсететін айғақтар болса, айта аламыз. Дегенмен әскери
техника Ресейден шыққан болуы керек.
10
мың метр биіктікте зымыранның нысанасына айналған ұшақтағы 283 жолаушы мен 15
экипаж мүшесінің тірі қалу мүмкіндігі болмады. Қаза тапқандардың үшеуі бала.
Марқұмдар арасында Малайзия премьер-министрінің туысы болған деген ақпар да
шықты. Діттеген жеріне жете алмаған рейстен тек екі адам аман қалған. Кішкентай
баласы бар ерлі-зайыптыларға Амстердамда билет жетпей қалған. Ал көптеген елдер, оның
ішінде Қазақстан да, Украина әуе кеңістігінен ұшақ ұшырудан бас тартты.
Серік
Мұқтыбаев, ҚР ККМ Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары:
Бізге Украина әуе кеңістігін уақытша
қолданбау туралы ұсыныс берілді. "Эйр Астана" кеше ол жаққа баратын бағыттарын
тоқтатты. Әзірге кеңесіп жатырмыз. Украина әуе кеңістігін қай кезден бастап
қолдануға болатыны жақын арада белгілі болуы мүмкін.
Австралия премьер-министрі Тони Эбботт апат
үшін жауапкершіліктің басым бөлігін
Ресей алуы тиіс деп мәлімдеді. Бұл туралы
«The Guardian» жазады. Малайзиялық ұшақ ішінде Австралияның да 27
азаматы болған. Нидерланды 154 азаматын жоғалтты. Талқаны шыққан лайнерде
Малайзияның 43, Индонезияның 12, Ұлыбританияның 9, Германия, Бельгия, Филиппин
және Канаданың бірнеше азаматы болған. 41 марқұмның қай ел азаматы екені
анықталып жатыр.
Айгүл ӘДЕПБАЙ