Русский Сайттың толық нұсқасы

«Эйр Астана» әуе компаниясының президенті Астана-Киев рейсінің уақытша тоқтап тұрғанын мәлімдеді

  • AstanaTV
  • 18 шілде 2014
  • 997

Киев бағытындағы жақын рейстерге билет алған жолаушылар оны өткізіп, ақшаларын толық қайтарып ала алады. «Эйр Астана» әуе компаниясының  президенті Питер Фостер осылай деп мәлімдеді. Алматыда өткен баспасөз мәслихатында  ол Астана-Киев рейсінің уақытша тоқтап тұрғанын мәлімдеді.

«Эйр Астана» ресейлік авиация саласы басшыларымен олардың әуе кеңістігі арқылы ұшуға рұқсат алмақ. Келіссөздер сәтті жүргізілсе, Алматыдан Украина астанасына ұшатын рейстер 20 шілдеден бастап қақтығыс аймағын айнала өтіп қатынай беретін болады. Жол бағыты өзгерген жағдайда, Алматы-Киев рейсі аптасына 3 рет жүзеге асады деп жоспарлануда. 

Питер Фостер, «Эйр Астана» АҚ президенті:

«Эйр Астана» рейстерінің ішінен тек Атырау - Амстердам рейсі ғана Украина аумағы арқылы өтуде. Оның өзі жол бағытын өзгертіп, қауіпті аймақты айналып ұшып жатыр. Қалған рейстер, оның ішінде Еуропа бағытындағылар да, Украина аймағы арқылы ұшып жатқан жоқ. Жолаушылар біздің Ресей тарапымен келісімге келіп, олардың аумағынан ұшуға рұқсат алуымызды күтуіне болады. 

Питер Фостер әуе апатында қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтты. «Эйр Астана» әуе компаниясының Киевте филиалы бар екенін және малайзиялық әріптестеріне мамандарды тасу мен қайтыс болғандардың туыстарын апат болған жерге жеткізуге көмек көрсетуге әзір екендігін жеткізді.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ